Шардарада жаңа су агрегаты іске қосылмақ

28.10.2018
Қаралды: 83

Таяу күндері «Шардара» су-электр станциясындағы төрт су агрегатының біріншісі пайдалануға беріледі. Онда технологиялық жабдықтың сынағы ойдағыдай аяқталып, негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.

 

Естеріңізге сала кетейік, «Шардара» СЭС-ін түбегейлі жаңғырту бағдарламасы аясында 2020-жылғы наурызға дейін станциядағы төрт су агрегатының бәрін де ауыстыру жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 38 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру 32 пайызға өз қаражаты есебінен, 68 пайызға несие есебінен іске асырылуда. Жоба мердігері – «Andtіtz HіdroGmbX» австриялық-германиялық компаниясы.

 

«Шардара» СЭС-і 1967-жылы пайдалануға берілген. Белгіленген қуаты – 100 мегаватт және агрегаттарының саны – 4. Норматив бойынша қызмет ету мерзімі 25 жыл болса, станцияның технологиялық жабдығы 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Жаңғырту жобасының басталуына қарай жабдықтың тозуы шамамен 100 пайызға жеткен. Су станциясында орнатылған электр жабдығының бір бөлігін оны жасаған  зауыттар қазір шығармайды және оны өндірістен алып тастаған. Үнемділігі мен пайдалану сенімділігі тұрғысынан жабдықты одан әрі пайдалану мақсатқа сай болмай қалды.

 

Аталған станцияда бірінші су агрегатын іске қосумен бірге екінші агрегат бойынша құрылыс жұмыстары қатарласа жүруде. Оны біріншісі іске қосылғаннан кейін орнатады. Сонымен бір мезгілде үшіншісі орнынан алынады. Бекітілген кестеге сай, бұл уақытта бірінші (жаңа) және төртінші ескі агрегат жұмыс істеп тұрады. Жұмыс жоспарына сай осы тәсілмен төрт су агрегатының бәрін де жаңарту көзделген.

 

Ауқымды қайта құру станцияның қуатын 26 пайызға – қазіргі 100 мегаваттан 126 мегаватқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.  Жыл сайын қосымша 57 миллион киловатт-сағат электр энергиясы өндірілетін болады. Жаңа жабдық су станциясының қызмет ету мерзімін 35 – 40 жылға дейін ұзартып, пайдалану сенім­ділігін арттырады және авария қаупінің деңгейін төмен­детеді. «Самұрық-Энерго» АҚ мамандарының сөзінше, энергия тапшылығын сезініп отырған Түркістан облысын электр энергиясымен қамтамасыз етуде  және өңірдегі су ресурстарын пайдаланудың тиімділігін арттыруда бұл жоба үлкен маңызға ие.

 

...«Самұрық-Энерго» АҚ 2007-жылы құрылған.  Ол – Қазақстандағы аса ірі электр энергетикалық холдинг, акцияларының 100 пайызы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» акционерлік қоғамына тиесілі.  Жұмысының негізгі бағыттары: электр және жылу энергиясын өндіру, электр энергиясын жеткізу, бөліп-тарату және сату, энергетикалық көмір өндіру. Холдингтің құрамына энергия және көмір өндіру кәсіпорындары, соның ішінде «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ, «Богатырь Көмір» ЖШС, «Алматы электр станциялары» АҚ, «О.Д. Қантаев атындағы Мойнақ су электр станциясы» АҚ, «Шардара СЭС» АҚ және тағы басқалар кіреді.

 

«Самұрық-Энерго» АҚ Үкіметпен байланыс

және коммуникациялар офисі. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ