Мақтаарал ауданы несімен мақтанады?

30.10.2018
Қаралды: 58

Президенттің бес әлеуметтік бастамаларының бірінде шағын және орта бизнеске, жаңадан бизнес бастағандарға қолдау көрсету мақсатында жеңілдетілген шағын несиелер беру жөнінде айтылған болатын. Осы мақсат Түркістан облысындағы Мақта­арал ауданында да іске асырылып жатыр. Бұл жөнінде аудан басшысы Бақыт Асановтың берген мәліметтерінен білдік. 

 

Кәсіпорындар бой көтеруде

 

Мақтаарал ауданының  индустриалды  аймағында жыл соңына дейін – 1 жоба, келесі жылы – 2 жоба, арғы жылы тағы 1 жоба іске асырылмақ екен. Соның нәтижесінде 100-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Яғни мұнда асфальт-бетон зауыты, полиэтилен және медициналық мақта өнімдерінің, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі іске қосылмақ.

 

Асфальт-бетон зауытын салуға 300 миллион теңге жұмсалыпты. Жоба бо­йынша 50 адам жұмыспен қамтылған зауытта сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдері өндірілуде. Ал полиэтилен өнімдерінің өндірісі құрылысына 200 миллион теңге жұмсалады. Онда жаңадан 36 жұмыс орны ашылатын болады. Сол сияқты, мақта өнімдерінің өндірісі жобасына 85 миллион теңге қаржы жұмсалмақ. Кәсіпорын 28 адамды жұмыспен қамтып, жылына 2 миллион дана медициналық мақта өнімдерін өндіретін болады. Сонымен қатар, «Asі Metall Grup LTD» ЖШС-нің темір өндіру цехына 400 миллион теңге инвестиция құйылып отыр. Жоба жүзеге асқан жағдайда 60 адам жұмыспен қамтылады.

 

Бұл ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Азаттық ауылынан заманауи үлгідегі сауда-логистикалық  орталығының құрылысына 9 гектар жер учаскесі резервке алыныпты.  Орталықта заманауи үлгідегі жеміс-жидек сақтау қоймалары, уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камералары, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделуде.

 

Қазірдің өзінде жалпы құны 750 миллион теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаға 5 гектар жер беріліп отыр. Соның бірі «Бахтияров» жеке кәсіпкерлігінің жобасы бойынша жобалау сметалық құжаттары рәсімделіп, құрылыс жұмыстары басталған. Атап айтқанда, автопаркинг, электронды таразы, жүк сақтау қоймалары, тұрақжай, құжаттандыру орталығы, қонақүй, асхана, сауда үйі, автожуу орны салынуда. Сондай-ақ, «МегаГорСтрой» ЖШС-нің автотұрақжай құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңі басталуда. Компания көкөніс қоймасын, қорапша шығаратын цех, қонақүй нысандарының құрылысын жүргізбекші.

 

Жалпы, қазіргі таңда ауданда 15 ірі өнеркәсіп орны жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Ташкент – Термез» бағытындағы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға әбден мүмкіндік бар.

 

Шаруалар жақсы өнім алды

 

Биыл ауданда 38 593,2 гектар жерге мақта шиті себілген екен. Орташа есеппен әр гектардан 22,4 центнерден өнім алыныпты. Мақта қабылдау бекеттеріне 80 мың тоннаға жуық өнім түскен.

 

Жалпы, бұл ауданда мақта өндіретін 5 зауыт және мақта қабылдайтын 69 бекет қызмет көрсетуде. ТМД-да теңдесі жоқ «Мырзакент» мақта өңдеу зауыты 120 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып отыр. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының жоғары технологиялық құрал-жабдықтары АҚШ-тың «Люмус Корпорайшн» компаниясынан сатып алынып, монтаждал­ған. Өндірістік қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайды.

 

Аудан диқандары 12 546,1 гектар жерге бақша дақылдарын ексе, оның 10 878,9 гектарына қауын өсіріліпті. Сондай-ақ, 1 667,2 гектар жерге қарбыз егілген. Қазіргі таңда «Мырзашөл» қауындары Ресейде, тіпті Шығыс Еуропаның бірнеше мемлекеттерінде брендке айнала бастапты.

 

Мақтаарал ауданы ауыл шаруашылығын дамыту үшін негізгі 5 бағыт бо­йынша жұмыс істеуде. Бірінші – ауыл шаруашылығы  тауар өндірушілерін қолжетімді несиемен қамтамасыз ету. Екінші – ауыл  шаруашылығы кооперативтері мен машина-тракторлық станциялар жүйесін жетілдіру, ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы  өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру. Үшінші – аудандағы суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, су жүйелерінің су өткізгіштік қабілетін жақсарту іс-шараларын атқару. Төртінші – ауданда ауыл  шаруашылығы кооперативтерін құрып, модульді сүт қабылдау бекеттерін, мал бордақылау алаңдарын ашу. Бесінші – алдағы жылдары ауданнан ауыл шаруашылығы  тауарларын шаруалардан арзан бағада сатып алып, сақтау үшін қойма салу әрі ауыл шаруашылығы  өнімдерін өзге аудандар мен облыстарға тасымалдау арқылы саудалау көзделуде.

 

Кәсіпкерге қамқорлық бар

 

Жалпы, Мақтааралдан шығатын мақтаның басым бөлігі шикізат күйінде экспортталады. Ал сол мақтадан 800 түрлі дайын өнім жасауға болады екен.  Сондықтан аудан дайын өнім жасауды және оны экспортқа шығаруды дамытатын болады.

 

Жуырда ауданда еліміз бойынша тұңғыш рет «Қауын» фестивалі өткен кезде қауыннан жасалатын тағамдардың, өнімдердің түрлері көрсетілді, жергілікті кәсіпкерлерге ұсыныстар жасалды. Енді сол арқылы өңірге инвестиция тарту көзделуде.

 

Әлеуметтік мәселелер де назарда

 

Бүгінде аудан аумағында ескірген мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарын жаңадан салып, заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз ету, елді мекендер арасында жол салу, газ, электр тарту жұмыстарын қарқынды жүргізу үшін ұсыныстар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамытудың кешенді жоспары дайындалуда.

 

Аудандағы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты 8 елді мекенде газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ 2 мектеп, 2 емхана бой көтеруде. 40 мың гектар жердің құнарын арттыру үшін «ПУИД-2», «ПУИД-3» жобалары арқылы тік дренаждарды ұңғымалардың құрылысы мен коллекторларды тазалау жұмыстары да қарқын алған.

 

Ауданды газдандыру саласы бойынша биыл 9 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 1 022 831 мың теңге қаралыпты. Елді мекендерді газдандырудың даму концепциясына сәйкес, 2019 – 2025-жылдар аралығында аудандағы қалған елді мекендерді табиғи газбен қамту жоспарланған.

 

2018-жылы жалпы ұзындығы 19,5 шақырымды құрайтын елді мекеннің 19 ішкі көшелеріне орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен 205 210 мың теңге бөлініп, құрылысы қарқынды жүруде.

 

Жалпы, бүгінде жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының даму концепция­сы әзірлену үстінде екен. Кешенді жоспарға сәйкес, ауданның кіре берісі саналатын Азаттық ауылынан бастап Атакент кентіне дейінгі, одан Мырзакент кентіне дейінгі жолдардың бойы толықтай абаттандырылып, жарықшамдар орнатылатын болады. Сондай-ақ Атакент пен Мырзакент кенттерінің кіреберіс қақпаларын жаңадан салу үшін сәулеттік жобалар дайындалуда.  Ауданның жаңа әкімшілік орталығы – Мырзакент кентінің жол жиектері де алдағы уақытта жаңа кейіпке енеді. Өңірдегі кәсіпкерлерді арнайы жинап, оларға ұсыныс беру арқылы да аудан орталығында сауда орталықтары мен кәсіпкерлік нысандарды көптеп салу жоспарда бар.

 

...Міне, Мақтаарал ауданында осындай жұмыстар атқарылыпты. Алға үлкен мақсаттар қойылып отыр екен.

 

 Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ