Бал арасы туралы да айтайық

30.10.2018
Қаралды: 80

Бүгінде Түркістан облысының ауыл шаруашылық саласында болып жатқан жаңалықтар өте көп. Егін, мал өсіру, олардан түрлі өнімдер шығару, тіпті шетелдерге шығару да жолға қойылып жатыр. Біз ол туралы газетімізде үнемі жариялап келеміз. Осы орайда біз Түркістан облысында ерекше көңіл бөлуді қажет ететін шаруашылық жөнінде айта кетпекпіз. Ол – бал арасын өсіру шаруашылығы.

 

Субсидия беру жолға қойылмақ екен

 

Бал арасы шаруашылығына қатысты біз Республикалық омарташылар палатасының Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары бойынша өкілі Бауыржан Мелдешевпен әңгімелестік.

 

«Бал арасының шаруашылыққа келтіретін пайдасы көп, – дейді Бауыржан Сейдуллаұлы. – Ал Түркістан облысының климаты бал арасын өсіруге өте қолайлы. Себебі қысы жұмсақ, жазы жайлы. Дегенмен омарта шаруашылығы көңілдегідей дамымай отыр. Оны қолға алған дұрыс.

 

Жалпы, өсімдіктердің тозаңданып, көбеюіне  түрлі жәндіктер, жел де әсер етеді ғой. Дегенмен бұл істе бал арасының үлесі молырақ. Ал Түркістан облысында бұл жәндікті өсіруге қолайлы жерлер көп.

 

Мысалы, Шымкент, Сарыағаш жақтарда ақ қурай деген өсімдік өседі. Ол басқа аумақтарда кездеспейді. Тек Ташкентке жақын тұстарда ғана бар. Қысқасы, осы өсімдіктің негізгі бөлігі біз жақта өседі. Мамандардың есебінше, осы өз бетімен өсетін өсімдіктің 1 гектарынан 200 кило бал өндіруге болады екен. Яғни одан ешқандай да шығын жұмсамай-ақ осынша өнім алуға болады. Сол сияқты, жантақ та өз бетімен өседі. Ал одан алынатын балдың адамның күш-қуатын арттыруда пайдасы көп, тұмаудан соң әлсіреген адамды ол аяғына нық тұрғызады. Сол сияқты, өз бетімен өсіп жатқан шеңгелден алынған балдың да денсаулыққа оңды әсері зор.

 

Өкінішке орай, осындай табиғи түрде өсетін кейбір өсімдіктер түп-тамырымен оталып, орны қыруар шығын жұмсалып, тегістеледі, айдалады, тыңайтылады, оған дәнді дақылдар, майлы дақылдар егіліп жатады. Оларды өсіру үшін, зиянкестерден қорғау үшін де аз шығын жұмсалмайды. Өз кезегінде мұның араларға келтіретін зияны көп».

 

Б.Мелдешовтің айтуынша, бүгінде ара шаруашылығымен айналысатындарға әрбір ұя үшін 5 мың теңге субсидия беру жағы да жолға қойылыпты. Оны алу тәртібі бұрынғыдан оңайландырылған.

 

Субсидия бал арасының 3 түріне беріледі. Олар: карпаттық (украиналық селекция), «крайн» тұқымды (еуропалық) және «орта орыс» (среднерусский, еліміздің солтүстік және шығыс аумақтарының климатына бейім). Осының ішінде алғашқы екеуі Түркістан облысындағы омарталарда бар екен.

 

Араның тәртібіне таңқаласыз

 

Біз сөз арасында Б.Мелдешовтен бал арасына қатыс­ты көптеген қызықты жайлар жөнінде естідік. Олардың тыныс-тіршілігі қатаң тәртіпке құрылған екен.

 

«Бал арасы 35 күн өмір сүреді, – дейді ол кісі. – Ара осы уақыт аралығында бөбекжайға, балабақшаға, мектепке, оқу орнына, әскер қатарына барған сияқты бірнеше сатылардан өтеді. Аналық ара өзі үшін жалтырата тазартылған ұяларға кіріп, бірнеше жұмыртқа салып кетеді. Оны ұяға жұмысшы аралар ертіп барады. Аналық араның жұмысы – тек жұмыртқалау. Мысалы «карпатка» бір тәулікте – 2000, «крайнка» 2500 жұмыртқа салады. Жұмыртқалар 3 күнде қуыршаққа айналады, оны жұмысшы аралар гүл тозаңынан өндірген сүтпен қоректендіреді. Ол 21 күнде жас араға айналады. Осы уақыт аралығында ол жоғарыда аталған «мектептердің» барлығынан өтіп үлгереді. Алғашында тазалық жұмыстарына жегіледі, сосын жас араларға, кейін үлкен араларға қарайды, құрылыс жұмыс­тарымен айналысады, бал жинайды. Аралардың ішінде тек су таситындары да, барлаумен айналысатындары да болады. Сондай-ақ басқыншылармен күресетін солдаттары, омартаға улы нәрсе әкелінбеуін қадағалайтын күзетшілері де болады.

 

Олардың өсіп-өнуі аналық араларға тікелей байланысты. Кейде олардың өліп қалатыны, бөтен ара өлтіріп кететіні болады. Сонда олар кәдімгі марқұмды жоқтаған туыстары сияқты ұя аузында қатарға тұрып аза тұтады. Аналық араның өлгенін бірден білесің. Сосын тез арада ол ұяға аналық ара салу керек болады. Жалпы, бал арасының тіршілігінде адамды таңқалдыратын жайлар өте көп».

 

Өнім көлемін 4 тоннаға жеткізгісі келеді

 

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен жылғы тамыз айында жарық көрген нөмірлерінің бірінде Сарыағаш қаласында тұратын жас кәсіпкер Дәурен Керімбеков туралы жазғанбыз. Бұрын шаруашылықта экономист-бухгалтер болып істеген ол өткен жылы бал арасын өсіруді қолға алған болатын. Яғни әу баста сүт өндіріп, оны терең өңдеу бойынша кәсіп ашпақ болған оған бір азаматтар бал арасын өсіру жөнінде ұсыныс білдірген, ол осы шаруашылықты қолға алуға тәуекел еткен еді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш аудандық филиалында арнайы курс­тан өткен Дәурен арада көп өтпей іске кіріскен. Күрделі шаруаның қыр-сырын бір кісідей меңгере бастаған Дәурен бізге бал арасының тыныс-тіршілігі туралы, бұл шаруаға өзінің қалай бейімделіп жатқаны жайлы қызықты әңгіме айтып берген еді.

 

Ал өзгеше кәсіпті бастаған осы азаматтың қазіргі жағдайы қалай болып жатыр? Осы орайда біз оның өзімен хабарластық.

 

«Шаруашылық барысы жаман емес, – дейді Дәурен. – Өткен жылы бал арасынан 2 тонна өнім алдық. Биыл да сол шама шықты. Жалпы, кірісіміз тұрақты десем болады. Ара өсірудің қыр-сырын үйреніп қалдық. Енді өнім мөлшерін бірте-бірте 4 тоннаға дейін жеткізсем деген мақсат бар».

 

Бұрынғы берген сұхбатында Дәурен жұртшылықтың әзірге ара балына мән бере қарамайтыны туралы айтқан еді. Яғни адамдар бал жегеннен гөрі жасанды азық-сусындар пайдалануға құмар, таза балдың қандай болатынын білмейді, денсаулыққа пайдалы азықтарға ой жібере қарамайды. Сондықтан соншалықты еңбекпен өндірілген таза балды өткізу қиын. Бұл жағынан ешкімнен де көмек жоқ, тек өзіңе сенесің. Жұртқа, мысалы, арақ ішкеннен гөрі бал жегеннің әлдеқайда артық екенін, оның денсаулық үшін таптырмас азық әрі дәрмек екенін тәптіштеп айтасың. Сондағы ұсынатын тауарыңның құны да аса қымбат емес, 1 килосы 1000 теңге тұрады.

 

Бал арасын өсіріп-баптаудың өзі қиын екені белгілі. Ал оның өнімін өткізу де соншалықты оңай емес екен. Дәурен, міне, осындай қиын шаруаны дөңгелентіп отыр. Сондықтан одан «Бүгінде бұл істі қолға алғанына өкінбейсің бе?» – деп сұрадық. «Өкінбеймін, – дейді Дәурен. – Өйткені бұл – таза, адал жұмыс. Қиындығымен қатар қызықтары да жетерлік».

 

Дәурен өз өнімдерін бүгінде пластмасс ыдысқа салып, зауыттан шыққандай етіп сыртын әдемілеп әрлеп шығарады екен. Дегенмен оның клиент­терінің басым бөлігі әзірге туған-туыс, нағашы-жиен, қайын жұрт, дос-жарандар болып тұр. Қысқасы, мұндай табиғи таза, ағзаға аса пайдалы өнімді тұтынушылар қатарын көбейту үшін әлі де қыруар жұмыстар атқару керек екені белгілі.

 

Дәурен өзінің өнімдерін Түркістан облысында, Шымкент қаласында өткен бірнеше жәрмеңкелерге алып шығыпты. Сондай-ақ Сарыағаш ауданындағы үздік кәсіпкерлердің бірі ретінде биылғы маусым айында Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған арнайы форумға қатысып қайтыпты.

 

«Оған ауданымыздан 3 кәсіпкер жіберілді. Ал, жалпы, республикамыз бойынша 80 ауданнан адамдар қатысты. Өте қызықты өтті, көп нәрселерді көріп, көңілге түйдік. Кәсібін мемлекет тарапынан несие алып бастаған 30-дан аса кәсіпкерлердің жұмыстары көрсетілді», – дейді Дәурен бұл жөнінде.

 

Бүгінде Дәурен шаруашылығындағы бал араларын қыс маусымына дайындап жатыр. Яғни енді оның аралары тамыз айынан бастап жинаған балдарын қыс бойы жылы жерде жеп шығады. Сосын алдағы жылдың сәуір айына қарай олардың кезекті бал өндіру маусымы басталады.

 

«Әу баста менде 80 жәшік ара болған. Білместіктен және басқа да түрлі себептермен 30 пайыздайын жоғалтып алған едім, кейін қайта қалпына келтірдім. Қазір менде 100 жәшік ара бар. Аналықтарын көбейткенмін. Павильонға 80 метр бөз алдық, өкпек жел өтпейтіндей етіп ішін жылыту жағын реттеп қойдық. Бұлар тамыз айынан бастап өздерінің қыстық азығын қамдайды. Бүгінде азықтары жетерлік, сонымен қоректеніп шығады.

 

Сосын көктемде, ауа қызуы тұрақты түрде 17 градусты ұстағаннан кейін өздері шығуға әрекеттенеді, уақыт болды дегендей белгі береді. Түрлі ауруларға қарсы залалсыздандырамыз, витаминдік өңдеу жасаймыз, сосын қырға алып шығамыз.

 

Қырға шығар алдында он күндей ашықтыруға болады. Сонда олар қурайға жақсы жайылады. Кейін басқа да өсімдіктер ретімен гүлдей бастайды, соларға жаямыз».

 

Бал арасын жаюдың өзі де бір қызық шаруа екен.

 

«Біз жақта көктемде шегірткеге қарсы дәрілеу нау­қаны жүреді. Араны қырға содан кейін ғана алып шығамыз. Оны ауладан әкеткесін 5 шақырымдай қашыққа апарсаңыз, ол кейін өзінің үйренген жеріне қайтады. Ал 5 – 7 шақырымға апарсаңыз, сол аумаққа үйренеді, жайылып, сонда қойылған омартаға қайтады».

 

Дәуреннен тағы бір білгеніміз – бал арасының өсімдіктерді тозаңдандыруда зор роль атқаратыны. Айтуынша, оның 2 гектардай жерге еккен жеміс ағаштары соңғы бірер жылда нашар өнім беріп келген екен, өткен жылдан, яғни ол бал арасын өсіре бастағаннан бері жеміс бауы өнімді жақсы бере бастапты. Мұны Дәурен бал араларының тозаңдандыруда да пайдалы екендігімен байланыстырады.

 

...Қысқасы, Түркістан облысында бал арасы шаруа­шылығын өркендетудің ауыл шаруашылығына, өсім­діктер дүниесіне, сондай-ақ адамдар денсаулығына тигізетін пайдасы шаш-етектен екен. Бүгінде облыс аумағында топырақ тыңайтатын, зиянкестерді жоятын химикаттар сіңірілмеген, жабайы табиғат өз бетімен өсіп-өніп жатқан жерлер аз емес екенін ескерсек, көп адамдардың бал арасын өсіруді қолға алуына әбден болатын сияқты. Бұл жағы Түркістан облысындағы тиісті сала басшыларының да жоспарында жоқ емес шығар деген ойдамыз.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ