«Сыбаға» мен «Құланның» шапағатын көрген

29.10.2018
Қаралды: 41

Ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемін арттыру – Елбасы Жолдауында жүктелген негізгі тапсырмалардың бірі. Сәйкесінше, бүгінгі таңда Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешеніне ауқымды міндеттер қойылып отыр.

 

Ел ырзығын еселеуде Бәйдібек ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында жүрген еңбеккерлер де тер төге еңбек етуде. Диқандар бейнетінің зейнетін көріп, жиын-терімді уақытында аяқтады. Ал ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамытуға дендеп кіріскен шаруалардың қатары күн санап артып отырғаны қуантады.

 

Қолда бар малының басын көбейтіп, қорасын малға толтырғандар мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көруде. Сондай бағдарламалардың бірқатары – «Сыбаға» және «Құланнан» ақбастаулық шаруагерлер өздерінің де үлесін алып, кәдеге жаратқан.

 

Осындағы 15 жеке адамнан құралған «Қозыке» өндірістік кооперативі 1992-жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тар заманның тезіне шыдап келген диқандар ел Тәуелсіздігін алған соң бірігуді шешеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді ту етіп, бүгінде 15 отбасының барлық шығынын жауып отырған ұжымшар жұмысы өркендеген. Кооператив құрылғанда төрағалық етуді ұжымшар мүшелері ауылдағы озат диқан, іскер жан Қайрат Жақыповқа тапсырады. Кейін шаруа дүниеден өткен соң ұжымшарға басшылық ету, жұмысты жандандыру ісі ол кісінің ұлы Абылай Жақыповқа жүктеледі.

 

«Қозыке» өндірістік кооперативінің ие­лігінде 2333 гектар жер бар. Оның 1216-сы – егістік, қалғаны – суармалы жерлер. Біздің ұжымшарда жоңышқа, бидай және мақсары егіледі. Он адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оларға 50 мың теңгеден жалақы төлейміз.

 

Мемлекеттен жыл сайын субсидия алып, көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісеміз. Егістікке қажетті техникаларымыз да жетеді. Биыл өнім жылдағыдан төмендеу болды. Оның себебі – ауа райы. Өңірге қар аз түсіп, жер ылғалдығы төмен­дегендіктен 700 гектарға егілген бидайдан 1000 тоннаға жетер-жетпес дән жинадық. 422 гектарға мақсары өсіріп, одан 5 тонна ғана өнім алынды. Әдетте жоспарды 10 тоннадан асыра орындаушы едік. Бұл жылы жағдай осылай болды. Ал жоңыш­қаны тек 160 бас жылқыға шақтап егеміз. Оны сатпаймыз.

 

Жалпы, бидай және мақсары дәндері Ордабасы ауданындағы «Бадам» өндірістік кооперативінен сатып әкелінеді. Келісін 70-80 теңгеден аламыз.

 

Ұжымшардағы 160 бас жылқыны 2014-жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша несиеге алынған 30 миллион теңгеге сатып әкелдік. Содан бері жылқы басын көбейтумен айналысудамыз», – дейді Абылай Қайратұлы.

 

Әке ісін жалғастырып, кооперативтің жұмысын дөңгелентіп отырған Абылайдың жеке кәсібі де бар екен. Ірі қара мал басын көбейтуді 2012-жылы қолға алып, содан бері сиырды көбейтіп жүрген кәсіпкер «Сыбаға» бағдарламасының шарапатын көріпті. «Абылай Жақыпов» деп аталатын шаруашылығы «Сыбағадан» 7 жылға 6 пайызбен 34 миллион теңге несие алыпты. Осы жылы 100 бас мал алып, қора-жайды үлкейтіп, 4 адамды жұмыспен қамтыған екен.

 

Ертеден ырзығын жерден, малдан көрген шаруаның еңбегі өтеусіз емес. Мал өсіремін, көбейтемін деп тынбай еңбек еткендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен жеңілдіктер көп. Тек кәсіпкер Абылай секілдідер уақытында  пайдалануды білсе болғаны.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ