700-ге жуық асыл тұқымды ешкісі бар

29.10.2018
Қаралды: 68

Газетіміздің өткен нөмірінде «Ешкі сүтін тегін таратады» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі. Онда еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің бірлескен жобасы жөнінде айтылған. Ол жобаға 14 – 29 жас аралығындағы 3 – 5 адамнан құралған жастар тобы қатыса алады. Олар бүгінде Қазақстанның бірқатар облыстарында жұмыс жүргізуде, жоба бо­йынша 6 ай бойы мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін сүт таратады. «Zhas project» деп аталатын бұл жобаның қатысушы жеңімпаздары үшін арнайы сыйақы да қарастырылған.

 

Яғни бүгінде елімізде осындай маңызды іс жүргізіліп, оған жастар атсалысып жатыр. Ал ешкі сүтінің емдік қасиеттері туралы қазақ бұрыннан біледі. Сүті аз жас аналардың сәбилерін ешкі сүтімен баққан. Себебі ол ағзаға жақсы сіңеді, аллергия бермейді. Ол темір же­тіспеушілігі анемиясының алдын-алады. Сондай-ақ оның жалпы ішкі ағза мүшелеріне де пайдасы мол, оны туберкулезді емдеуде де пайдаланады. Оның құрамында кальций, магний, фосфор, марганец, мыс сияқты минералдар мен дәрумендер көп. Ешкі сүтінің ағзадан ауыр металл тұздарын, радионуклеидтерді сыртқа қуатын да қасиеті бар.

 

Міне, осындай пайдалы азық бүгінде Түркістан облысының Ордабасы ауданында да көптеп шығарылып жатыр. Ешкінің сүтін ғана емес, одан өндірілген сүт өнімдерін де облыстағы сауда нүктелерінен көптеп кезіктіруге болады. Біз кешегі аптада осындай шаруамен айналысатын «Асыл тұқымды шаруашылық: Ордабасы сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік ко­оперативі құрылтайшыларының бірі Мейірхан Қажымұқанұлымен әңгімелестік.

 

Мәкеңнің айтуынша, бұл ко­оперативтің шаруашылығында қазір 700-ге жуық ешкі бар. Алдағы ақпанда олар жаппай төлдей бастамақ. Ешкілер Голландиядан әкелінген. Ерекшелігі – олар көбіне егізден, кейде 3 лақтан табады.

 

«Сүт алу бағытында өсірілетін Заанен тұқымды ешкілердің алғаш­қы партиясын – 330 ешкіні 2017-жылы әкелген болатынбыз, – дейді ол кісі. – Биылғы наурыз айында Голландиядан тағы да 170 бас мал жеткізілді. Негізінде бұлардың бір сау­ғанда 6 – 8 литр сүт беретін ерек­шелігі бар. Бүгінде олар жергілікті аумақтың табиғат жағдайына бейімделу үстінде.  Сондықтан әзірге 2 литрден 3,5 литрге дейін сүт беруде. Күтіп-баптауын жақсартсақ, әр ешкіден 4 – 5 литрге дейін сүт алатын мүмкіндік бар».

 

Шаруашылық алдағы 3 жылда мал басын 2 мыңға, 5 жылда 5 мыңға жеткізбек ниетте екен. Сонда олар айына 24 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығаратын болады. Бүгінде сүттің өзінен басқа қаймақ, брынза, йогурт, ірімшік, құрт сияқты өнімдерді де шығаруда.

 

«Біздің өнімдерімізді Шымкенттегі ірі маркеттерден сатып алуға болады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелеріне де үнемі қатысып тұрамыз. Біздің кооперативтің өнім­дерін сыртында «Ордабасы сүт өнімдері» деген жазуы бар тасымалдаушы тоңазытқышты жүк көлігіне қарап танисыздар», – дейді Мейірхан Қажымұқанұлы.

 

Бұл кооператив 2017-жылдың ақпан айында жергілікті бірқатар шаруашылықтардың бірігу жолымен құрылған. «Асыл тұқымды шаруашылық: Ордабасы сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік ко­оперативінің жобалық құны 1 миллиард 119 миллион теңгені құрайды. Ол өз жұмысын «Аграрлық кәсіп­керлік корпорациясынан» несие алып бастаған. Несие қаржысы мал алуға, зауыт салуға және сүт са­уып, одан өнім шығаратын құрылғылар әкелуге бағытталыпты. Италиядан мал сауатын құрылғылар алған. Бү­гінде онда 15 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылған. Зауыт толыққанды жұмысқа кіріскенде онда 30-дай адам еңбек ететін болады.

 

Заанен тұқымды 700-дей асыл тұқымды ешкі өсіріп отырған бұл шаруашылықтың өз жем-шөп базасы, құрама жем шығаратын цехы да бар. Әзірге қажетті мал азығының басым бөлігін өзгелерден сатып алуда. Алдағы уақытта өздеріне тиесілі тәлімдік жерге жоңышқа екпекші.

 

...Міне, Түркістан облысында тұңғыш рет іске қосылған асыл тұқымды ешкі шаруашылығының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Шаруашылық істері өркендей келе мұнда балмұздақ цехын, сондай-ақ мал сою алаңын іске қосу жағы да ойда бар. Сол сияқты келешекте онда ешкі  сүтінен косметикалық заттар шығарыла бастауы да әбден мүмкін екен.

 

Ал, жалпы, Еуропа елдерінде Заанен тұқымды ешкілерді көптеп өсіреді. Өйткені оның жегенін бо­йына май етіп емес, желініне сүт етіп жинайтын ерекшелігі бар. Бір ешкі жылына 600 литрге дейін сүт береді. Тіпті бір «рекордшы» ешкінің 1 жылда 3507 литр сүт бергені туралы да қызықты дерек бар. Сондықтан мұндай ешкіге қызығатындар көп.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ