100-ге жуық адамға жұмыс беріп отыр

29.10.2018
Қаралды: 47

Түркістан облысындағы «Бөрте Милка» компаниясының аты бүгінде көпке таныс. Оның өнімдерін қазір көптеген сауда орындарынан көруге болады.

 

«Бөрте Милка» өз жұмысын 2003-жылы Арыс ауданы, Қожатоғай ауыл округінен 2000 гектар жайылымдық жерге қоралар салып, уақ мал басын көбейтуден бастаған болатын. Бертін келе, яғни 2015-жылы Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінен 10 гектар жерге 600 бас малға арналған қоралар салып, Швеция елінің «DeLaval» компаниясымен келісім-шартқа отырады. Құрылыс нысанын жобалаудан бастап, шетелдік қондырғыларды орналастырып беруге дейінгі барлық жұмыстар сол келісім-шарт негізінде атқарылады. Сол жылдың желтоқсан айында Венгрия елінен алғаш рет жалпы саны 408 бас болатын сауын сиырлар әкелініп, ферма іске қосылады. Ал 2017-жылы тәулігіне 50 тонна ферма сүтін өңдейтін зауыт ашылады. 2018-жылы тағы бір қораның құрылысы аяқталып, онда Голландия елінен әкелінген қондырғылар орнатылады.

 

Бүгінгі күні «Бөрте Милка» компаниясы күніне 10 тонна, яғни айына 300 тонна сүт өндіреді. Майлылығы 2,5 және 3,2 пайыздық сүт пен айран, 15 және 20 пайыздық қаймақ, йогурт, ірімшік  секілді сүт өнімдері Шымкент қаласына, Түркістан облысының тө­ңірегіне таралады.

 

– Қазіргі таңда «Бөрте Милка» компаниясы 94 адамды жұмыспен қамтып отыр. Орташа жалақы көлемі – 119 мың, ең төменгісі – 85 мың теңгені құрайды.

 

Биылғы жылы кәсібімізді ары қарай дамыту мақсатында несие алу арқылы мемлекет көмегіне жүгіндік.

 

Бүгінде фермамызда аналық сиырлардың басы 600-ден асты, 360 бас сауын сиырлар бар. Өзімізден шыққан әрбір өнімнің сапасын өзіміздің сүт зауытының зертханасында тексеріп отырамыз, – дейді «Бөрте Милка» ЖШС-нің бас есепшісі Маржан Бек­тібаева.

 

Аталмыш кәсіпорын жұмысының тағы бір ерекшелігі – фермадағы барлық жұмыс автоматтандырылған. Се­міздігі, сүтінің көлемі секілді барлық ақпаратты сиырға орнатылған арнайы қондырғы арқылы компьютерден біліп отыруға болады екен.   

  

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ