Отбасылық кәсіпті үйінің іргесінен ашыпты

29.10.2018
Қаралды: 56

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық әр мемлекеттің экономикасының негізі және үлкен кадрлық резерв саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының бірі – еліміздің әрбір азаматын жұмыспен қамтамасыз ету, жаңа кәсіптердің дамуына жағдай жасау, қажет болған жағдайда жаңа мамандықтарға да қайта оқыту. Осындай игі істердің арқасында халықтың әлеуметтік жағдайы одан әрі жақсаратын болады.

 

Мемлекет басшысы өзінің әрбір Жолдауында бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Өйткені бизнес әрбір отбасы үшін қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Ал отбасылық кәсіп – ортақ құндылық.

 

Бұл орайда Түркістан облысы ет, сүт, көкөніс саласы бойынша ел қазынасына айтарлықтай үлес қосуда. Соның ішінде Сайрам ауданында мал, егін шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жалпы, ауданда мемлекеттің көмегі арқасында мал өсірумен айналысып, өз ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі – Алимжан Ирисметов. Ол өз үйінің іргесінен мал өсіру алаңын ашқан.

 

Алимжан Ирисметовтің отбасымен осы кәсіпке бет бұрғанына бірнеше жыл бол­ған. Кәсіпкер ұл-қызын, жұбайын да кәсіптің қыр-сырын білуге үйретіпті. Бүгінде шаруа­шылықтағы біраз тірлікті өзі жоқта жақындары атқарады екен.

 

«Өрлеу» жобасы бойынша 4 миллион теңге несие алып, кәсібімнің аясын кеңітіп отырмын. 2014 жылы 5 жылға алынған қаржыға 16 бас мал алдым. Соның арқасында қазіргі кезде сүт, құрт, айран, ірімшік өнімдерін өндіріп, тапсырыс берушілерге жеткіземіз. Қолдың құрты мен ірімшігіне сұраныс жетерлік. Сүт пен айранды аламын деушілер есіктің алдынан алып кетіп жатады. Күніне бір сиырдан орташа есеппен 10 литрге жуық сүт аламыз. 

 

Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, қосымша жұмысшылар алсам деген ойым бар. Осылайша жұмысыздар санын азайтуға өз үлесімді қосқым келеді», – дейді Алимжан Ирисметов.

 

Бүгінде Сайрам ауданы бойынша ірілі-ұсақты 1000-ға жуық мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Ағымдағы жылдың 9 айында аудан бойынша 21 мың тонна ет өндірілген.

 

Д.МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ