Тәулігіне 3 мезгіл тегін тамақтандыратын асхана

29.10.2018
Қаралды: 90

Алматы қаласындағы Сейфуллин даңғылы мен Радищев көшесінің қиылысында аптаның бес күнінде тегін тамақ беретін асхана ашылды. Әлеуметтік аз қамтылған 100 – 120 адамды күніне үш мезгіл тамақтандыра алатын асхана «Уақып» деп аталады. Жоғары Алматы қаласы орталық мешітінің және қолы ашық, қайырымды азаматтардың ұйытқы болуымен ашылған асхана жыл бойы тегін қызмет көрсетпек. Біз бұл қоғамдық тамақтандыру орнының қызметкерлерімен сөйлескен едік. «Оң қолың берген садақаны сол қолың білмесін» дегендей, демеушілер өз аттарының құпия болғанын қалайтынын білдірді.

 

«Орталық мешітке әлеуметтік аз қамтылған, жағдайы нашар, жалғызбасты аналар, жетімдер, мүсә­пірлер, тағдырдың тауқы­метімен қиындық көріп жүрген жандар келіп тіркеліп, түрлі әлеуметтік көмек алып тұрады. Соның бәрі мешіттің жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қорына тіркеледі. Сосын тізімдегі жандар тегін тамақтана алады. Асханаға күніне бір кірген адамға екінші немесе үшінші рет те тамақ беріледі. Біз ешкімнің бетін қақпаймыз. Алматы қаласында әлеуметтік көмекке шынымен мұқтаж таныстарыңыз болса, оларға осы мекен-жайды айта жүріңіздер», –  деді бұған қатысты арнайы ашылған қор мүшелерінің бірі Нәзира Ахметова.

 

Бұл асхана қазір 7-8 адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Олар ай сайын өздеріне тиесілі еңбекақысын алады. Ал қоғамдық тамақтану орны дүйсенбі – жұма аралығында таңғы сағат 9.00 – 10.00, түскі 13.00 – 14.00 және кешкі сағат 17.00 – 18.00 кезінде ашық болады.

 

Осы орайда қарапайым халықтың мұқтажын ойлап, тым болмағанда қарнын тойдыруды мақсат еткен қайырымды жандарға Алла разы болсын дейміз.

 

Дана БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ