Қой, сиыр және жылқы өсіреді

28.10.2018
Қаралды: 52

Отырар ауданының тұрғыны Әбдісамат Рүстембеков – мал шаруашылығын  жақсы меңгерген жандардың бірі. Сондықтан да осы бағыттағы кәсіп түрін кіріс көзіне айналдырып отыр.

 

Ә.Рүстембеков істің басын  «Данияр» шаруа қожалығын ашудан бастайды. Сөйтіп, 2017-жылдың қараша айында «Ырыс» микроқаржы ұйымынан төрт жылға 2 миллион теңге көлемінде несие алады. Сол қаржыға ауладағы шағын қораға көбейту және бордақылау мақсатында 11 бас ірі қара кір­гізеді. Қазіргі таңда саны біршама көбейген. Ірі қарадан бөлек, 2-3 жыл­қы, оншақты қойы да бар.  

   

– Малды базардан, бірлі-жарымын қолдан аламыз. 2-3 ай байланған соң оны жақын маңдағы базарға апарып сатып, орнына басқасын әкеліп қоя­мыз. Біздегі малды сойып, жіліктеп сатушылар, басқа қалаға апарып сататын делдалдар алады.  

 

Малдың семіруі де оның жем-шөбіне байланысты. Өзіміздің 4-5 гектар шамасында жеріміз бар. Оған біз жыл сайын жүгері, жоңышқа егеміз. Сөйтіп, мал азығын сырттан сатып ал­май, өзіміз дайындаймыз. Көктемде егін егуді бастап, күзде жинап аламыз. Өнімді сыртқа сатпаймыз, себебі өзі­міздің малдан артылмайды. Соның арқасында биылғы орын алған қымбатшылық бізге онша әсер ете қойған жоқ.

 

Осы жылғы жауын-шашынның аздығынан тауда қар болмады. Соның әсерінен ағын су азайып, су тапшылығы орын алды. Егістікке 4-5 рет су жіберілуі керек болса, биыл 2-ақ рет суарылды. Содан өнім мөлшері кеміп, небәрі 8 тонна жүгері собығын, 1000 данадай ғана пресс шөбін алдым. Бұл – былтырғыдан төмен көрсеткіш. 

 

Алдағы уақытта кәсіптің басқа да түрімен айналыссақ дейміз. Әзірге несиені толық жаппайынша осы бағыттан бет бұрмаймыз. Бір өкініштісі, жер өңдеу жұмыстарына қажетті техника қолда жоқ. Соның кесірінен трактор жалдап, 2-3 мыңға бітетін жұмысты 20-25 мың теңгеге істетіп жатамыз. Сол үшін келешекте өзімізді техникамен толық қамтамасыз етсек деген жоспар бар. Осы мақсатта тағы да несиеге жүгінгіміз келеді. Мемлекеттік бағдарламалармен алынған мұндай несиелер кәсіпкерлерге көп жәрдемін тигізуде.

 

Егер мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер болса, ондай адам малдың тілін білгені жөн. Мал шаруашылығына қатысты нәрселердің барлығы жасалынуы керек. Мәселен, көк­темде, күзде ауылдық ветеринар мамандардың тарапынан малдың дә­ріленетін уағы бар, соны да ескеру керек, – дейді Ә. Рүстембеков. 

 

Сондай-ақ кәсіпкер бұл салада тек тынымсыз еңбек пен шыдамдылықтың арқасында ғана табысқа жетуге болатындығын да қоса айтады.    

  

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ