Отырар ауданында «Отырар сүт-ет» деп аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Өз жұмысын 2015-жылы бастаған кооперативтің негізгі жұмысы – аудан төңірегіндегі балабақшалар мен мектептерді сүтпен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда кооператив тарапынан 22 балабақшаға сүт пен ет және 27 мектепке сүт жеткізіліп отыр.
– Өнімді дүкенге сатылымға шығармаймыз, тек мектептермен, балабақшалармен жұмыс істейміз. Былтырға дейін 25 мектепті қамтып келген едік. Осы жылдан бастап тағы екеуі қосылды. Әр балаға 200 грамм сүттен есептеледі. Сол көрсеткіш бойынша жеткізіп отырамыз. Ал етке тапсырыс балабақшадағы бала санына қарай түседі.
Біздікі – сапасына күмән келтіретін өнімдерді мектеп пен балабақша асханасында болдырмау мақсатында аудан әкімдігінің ұсынысымен құрылған кооператив. Мұнда арнайы мал сою бекетінде сойылған ет пен тексеруден өткен сүт жеткізіліп отырады. Шикізатты негізінен мал шаруашылығымен айналысып отырған кооператив құрамындағы «Серікбай Б», «Мейірбек ЛТД» серіктестіктерінен аламыз. Сиыр ұстап отырған ауыл тұрғындарынан да жинаймыз. Соны жинап, өңдеп, пастерлеп, қажетті жерлерге жеткіземіз. Айына 16-18 тонна сүт өңдейміз, ал мектеп балалары демалысқа шығатын үш ай жазда бұл көрсеткіш айына 4-5 тоннаға дейін кемиді.
Кооператив мүшелерінің біразы – мемлекеттен қолдау көріп отырғандар. Қазіргі таңда олардың саны 22-ні құрайды, – дейді «Отырар сүт-ет өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Нұрсұлтан Ахаев.
Кооператив мүшелерінің қатарында жұмысын 2013-жылы бастаған «Үсенов Н» шаруа қожалығы да бар екен. 503 аналық түйе ұстап отырған бұл кәсіпорынның мал ауылында үш отбасы жұмыспен қамтылған. Біреуі қораға қараса, екіншісі сауынға жауапты, тағы бірі малға қарайды дегендей, әрқайсысының өз міндеті бар.
Ал аталмыш шаруа қожалығының сүт өңдеу цехында он адам жұмыс істейді. Сауылған сүт осында әкелінеді, одан соң майлылығын, қышқылдығын, тығыздығын тексеру мақсатында зертханаға жөнелтіледі, ары қарай өз технологиясы бойынша қайнатылып, пісіріліп, пастерленеді. Айына 52 тонна түйе сүтін өндіретін цех өнімі «Маяқұм шұбаты» деген атаумен Алматы, Астана, Түркістан, Қарағанды қалаларына тарайды. Сондай-ақ бұл өнімдер Шымкент қаласындағы ірі сауда үйлерінің сөрелерінде де қойылған.
Қысқасы, «Отырар сүт-ет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы жақсы жолға қойылыпты. «Бірлік түбі – береке» деген осы да.
М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!