«7-20-25» бағдарламасы бойынша қандай баспана алуға болады?

30.10.2018
Қаралды: 157

Қазақстандықтарды мүмкіндігінше баспаналы ету мақсатында ұсынылған «7-20-25» бағдарламасының іске қосылғанына небәрі бірнеше айдың жүзі болды. Осы тұрғыда сатып алушыларға өз тауарын ұсынып отырған тарап – құрылыс компаниялары. «Ипотека арқылы сатылып жатқан үйлердің деңгейі қандай?» және «Аталмыш бағдарлама қалай іске асып жатыр?» деген сауалдарға сол компания өкілдерінен жауап алғымыз келген болатын.

 

 

Кей жағдайда көпқабатты үйлердегі пәтерлердің сапасына көп уақыт өтпей жатып-ақ сын айтылып жататыны тағы бар. Сол мақсатта жылжымайтын мүлік нарығындағы оңтүстік өңір бойынша көшбасшы атанып келе жатқан Шымкент қалалық «Otau Group» холдингі маркетинг бөлімінің директоры Самат Амалбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

– Самат мырза, компания туралы айта кетіңізші.

 

- «Otau Group» 2002-жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін 7 мыңнан астам пәтер салынды. Тұрғын үйлерді комфорт-класс, элит-класс, бизнес-класс және бюджетті сегментте саламыз. Аталған сала бойынша әзірге бірінші орында тұрмыз деп айта аламыз. Біздің негізгі бағытымыз да осы. Құрылыс жұмыстарын қазіргі таңда тек қала аумағында ғана жүргізіп жатырмыз. 

 

– Сіздер сатып отырған пәтерлердің бағасы қандай?

 

– Біз ұсынатын баға тұрғындар үшін тиімді деп айтуға болады. Десек те пәтер бағасы өзі орналасқан тұрғын үй кешеніне байланысты өзгеріп отырады. Қазір біз «Жас отау» тұрғын үй кешенін салып жатырмыз. Мұндағы үйлер «АТФ» және «Центр Кредит» банктері арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріліп жатыр. Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өздерінің жеке бағдарламалары арқылы сатып жатыр. Мұнда 700-ден астам пәтер бар. Бір бөлмелі пәтер аумағы –  37 шаршы метр, екі бөлмелісінікі – 61 шаршы метр, ал үш бөлмелі пәтер - аумағы 81 шаршы метрді құрайды. Әр шаршы метр бағасы – 190 мың теңге. Яғни бір бөлмелі пәтерді 7 миллион 30 мың теңгеге  алуға болады. Бұл өте қолжетімді баға. Қазіргі таңда жеті қабатты үй болса, оның екінші мен бесінші қабатқа дейінгі пәтерлері көп сұранысқа ие. Алтыншы, жетінші қабаттардағы пәтер бағасы төмендеу. Қазір арнайы акция бойынша алтыншы қабаттағысы шаршы метрі 185 мыңнан, жетінші қабаттағысы шаршы метрі 180 мың теңгеден сатылуда.

 

– Бұл үйлердің сапасы қандай? Әдетте қабырғалары тым жұқа болушы еді.

 

– Біздің пәтерлер сапасы жағынан өте жоғары, сондықтан да сатылуы тез. Нарықтағы беделіміз жоғары, «Otau Group» атауымен көптеген адамдар таныс және олар сапаға жұмыс істейтінімізді біледі. Қала бойынша ең жақсы, ең үлкен тұрғын үй кешенін де біз салып жатырмыз. Мәселен, «Жас отау» кешеніне келер болсақ, құрылысқа жоғары сапалы материалдарды қолдандық. Үйдің еденіне ламинат төселген, жуылатын түсқағаздар жапсырылған, дыбыс оқшаулағыш терезелер қойылған, жуынатын бөлме толық жабдықталған, ал асүйде газ плитасы орнатылған. Қазіргі күні «Жас отау» брендке айналып кетті. Сондықтан өте үлкен сұранысқа ие болып жатыр. Бұл кешен Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында, Назарбаев интеллектуалды мектебінің жанында орналасқан. Маңайында екі мектеп, екі балабақша бар. Болашақта тағы да бір мектеп пен бір балабақша салынбақ. Сондай-ақ жерүсті көлік тұрақтары да бар. Болашақта тұрғын үйдің ең астыңғы қабатынан коммерциялық бағыттағы сауда орындары, яғни дүкендер, сән салондары, балаларды дамыту орталығы, банктердің, «Казақтелеком», «Қазпошта» секілді мекемелердің де кеңсесі ашылады деген жоспар бар. Содан соң жеделсатылар мен мүгедек адамдарға арбамен шығуға арналған пандустар қойылған. Жылу, жарық, кәріз жүйесі – барлығы қосылып, адамға қажетті жағдайлар жасалған.

 

Жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйлердің ең бір кемшілігі – қабырғалардың жұқалығы екені рас. Сондықтан да біз қабыр­ға мен төбеге дыбыс оқшаулайтын материалдарды пайдаландық. Яғни үстінде жүгіріп жүрген балалардың аяқ дыбысы естілмейді. Біз тұрып жатқан адамдар арасында сауалнама жүргіздік. Олар сапа жағына жақсы баға беріп отыр. Алдағы уақытта әлі талай тұрғын үйлер салатын жоспарымыз бар.  Сол себепті өзіміз туралы жаман ақпарат тарағанын қаламаймыз. Өйткені ол үйдің сатылымына кері әсерін береді. Құрылыс бастан-аяқ өз бақылауымызда болады және әкімшілік тарапынан да арнайы келіп тексеретіндер бар.

 

Бұл кешенде 14 көпқабатты үй бар. Бүгінгі күні соның екеуі қолданысқа берілді. Ондағы 96 пәтер бір айдың ішінде сатылып кеткен болатын. Ендігі 6 үй желтоқсан айында, қалған 6 үй наурыз айында қолданысқа беріледі.

 

– Пәтерлер бөліп төлеу арқылы сатыла ма?

 

– Біз бөліп төлеу арқылы сатпаймыз. Пәтерлеріміз «7-20-25» бағдарламасымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке бағдарламасы арқылы, сондай-ақ қолма-қол төлем арқылы да тікелей сатылып жатыр. Егер үйдің құрылысы әлі бітпеген болса, 20 пайыздан жоғары алғашқы жарна құйылады. Пәтер толық дайын болғанда қарыздың қалған бөлшегі жабылуы тиіс.  

 

– «7-20-25» бағдарламасы бойынша қанша пәтер сатылды?

 

– Қазіргі таңда  құрылысы біткен 140 пәтердің 34-і осы бағдарлама бойынша сатылды.

 

– Бағаны қалай қоясыздар?

 

– Біз құрылысты бастамас бұрын тұрғын үй нарығында маркетинтгтік зерттеулер жүргіземіз. Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің бағаларын саралаймыз. Соларды өзара салыстыра отырып, баға қоямыз. Біз тұрғындардың әл-ауқатына да қараймыз. Сондықтан бағаны тым аспандатпаймыз. Біздің компанияның тұрғын үйлері өз сегментіне сай, сапасы мен бағасы бір-біріне сәйкес келеді. Біз үйді адамдардың материалдық жағдайына байланысты сегментке бөліп саламыз.

 

Шымкент қаласы бойынша «Жас отаудан» басқа тағы қандай тұрғын үй кешенінен үй алуға болады?

 

– «Биік» тұрғын үй кешені де бар. Мұнда әрқайсысы 17 қабат болатын 4 үй орналас­қан. Ол 2015-жылы қолданысқа беріліп қойған. Қазір  мұндағы сатылым аяқталып жатыр. 375 пәтерден  сатылмаған 70-і ғана қалды.

 

Элиталық санат бойынша коттедждер мен таунхаустар орналасқан 37 гектарлық қалашық та салып жатырмыз. Бұл – Қазақстан бойынша теңдесі жоқ қалашықтардың бірі десек те болады. Оның сырты толық қоршал­ған, 24 сағат бойы күзет жұмыс істейді, сонымен қоса жеке саябағы, фитнес-клубы, ағылшын тілінде оқытатын халықаралық балабақшасы, бассейндер, спа-салондар да бар. Жан-жағы көгалдандырылған. Мұндағы бір қабатты виллалардың бағасы 270 мың доллардан, таунхаустар 190 мың доллардан жо­ғары. Бұл – материалдық жағдайы жоғары жандарға арналған кешен. Материалдық жағдайы орта жандар «Жас отаудан», «Биік­тен» ала алады.

 

– «7-20-25» бағдарламасы арқылы пәтерді кез келген адам ала алмай жатыр. Сіздіңше, мұндағы бағалар қолжетімді ме?

 

– Иә, қолжетімді деп ойлаймын. Әрине, алғысы кеп жатқандар көп. Бірақ банк барлығына келісім бере бермейді. Бізге келетін клиентке пәтерге қатысты толық ақпарат береміз. Егер оның көңілінен шығып жатса, біз оны арнайы клиенттер үшін жабдықталып қойған шоу-румға апарып көрсетеміз. Содан соң пәтер алатын болып шешкен адам банкке барып, өтініші мақұлданған соң бізге қайта келеді де, 20 пайыз алғашқы жарнасын төлейді. Содан соң қажетті құжаттарды бізден алып, банк арқылы ай сайынғы төлемін жасап отыра береді. Бұл бағдарлама тек халыққа ғана емес, бізге де тиімді. Себебі ол арқылы адамдарды шақыру да, түсіндіру де ыңғайлы.

 

Егер де сіз 25 жылға бір бөлмелі пәтер алатын болсаңыз, ай сайын 40 мың теңгеге жуық төлемақы төлейсіз. 100 – 120 мың теңге шамасында жалақы алатын болсаңыз, бұл өте үлкен сома емес. Жай ипотекаға қарағанда өте тиімді. Бұл жерде уақыты ұзарған сайын үстемесі де көбеюі мүмкін. Сондықтан 15 жылға дейінгі мерзімге алса, үстіне көп қосылмайды.

 

– Бірақ біздің өңірде орташа жалақы одан аз ғой, олар қайтеді?

 

– Жалақысы жетпеген адам банктің талабына сәйкес кепіл болатын тағы бір адамның жалақысын қосып есептету арқылы алуы­на болады. Қазір көбісі солай алып жатыр.

 

– 25 жылдың ішінде бағада өзгеріс бола қалса, бұл несие алушының төлемақы мөлшеріне әсер етпей ме?

 

– Жоқ, себебі өтініш мақұлданған соң банк бізге ақша аударады, яғни пәтердің қарызын  бірден төлеп тастайды. Содан соң ол соманы келісім шарт бойынша несие арқылы ай сайын борышкерден алып отырады. Сондықтан үйдің бағасы төлемге әсер етпейді. 

 

– Болашаққа не жоспарлап отырсыздар?

 

– Алдағы уақытта осы «Жас отау» кешені біткен соң оның арғы жағына қасында балабақша мен мектебі бар тағы да жеті қабатты 8 үй салу жоспары бар. Сондай-ақ бизнес-класс, комфорт-класс сегменті бойынша да тұрғын үйлер салуды жалғастырамыз. Алдағы уақытта әлі талай тұрғын үйлер салатын жоспарымыз бар.  

 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ