Қарабұлақ пен Қарамұртта бордақы көп

27.10.2018
Қаралды: 86

Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылының тұрғыны Ғалымжан Усмановтың мал шаруашылығымен айналысқанына бір­неше жылдың жүзі болды.  Кә­сіпкердің ауласындағы қорада 6-7 ай бойы бордақыланған бұқалар жекеменшік ет сою бекет­теріне жеткізіледі. Бұдан шыққан ет сұраныс бойынша еліміздің Алматы, Астана қалаларына жөнелтіледі екен.

 

Ғ.Усманов былтырғы жылы «Усманов» жеке кәсіпкерлігін ашып, мемлекеттік бағдарлама негізінде 4 миллион теңге несие алған. Берілген қаржыны 23 бас ірі қара  сатып алуға жұмсапты. Қазіргі таңда олардың саны 30 басқа жетіп отыр.

 

Кәсіпкердің айтуынша, биыл жем-шөптің қымбаттауына байланысты шығындары да біраз көбейген.

 

– Қолдағы малды тек жем-шөппен байлаймыз. Күніне шамамен 5-6 пресс шөп және әр басқа 3-4 келі жем кетеді. Солардың барлығын сатып аламыз. Дегенмен жұмысты тоқтатпауға тырысып жатырмыз. Болашақта мал басын көбейтіп қана қоймай, ферма салсақ деген де ой бар, – дейді Ғалымжан.

 

Кәсіпкердің айтуынша, мал бордақылаудың ерекше әдісі жоқ. Десе де сырттан әкелінген малды жабысқан кенелерін өлтіру мақсатында бір дәрілеп алатын көрінеді.

 

Сонымен қатар Ғ.Усманов былтыр картоп егуді де қолға алған болатын.  Өзінің шамамен 50-60 соттықты құрайтын жеріне отырғызылған картоптан 17 тонна өнім алып, оны Қазақстанның ірі қалаларына жөнелткен екен.

 

– Өзіміздің қолдағы малдың қиын көкөніс егілетін аумаққа тастап, оны айдау арқылы жерді тыңайтамыз. Жалпы, мен айтар едім, қандай жағдай болмасын, ерінбей еңбек ету керек. Мемлекеттен несие алған кезде де қаржыны өз орнымен жұмсаған дұрыс.

 

Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны Бакир Ташметов те осы сөзді айтады. Ол – біраздан бері осы саланың басы-қасында жүргендердің қатарынан.

 

– Бұл кәсіпті әуелде әкем бастаған. Мен сол кісінің ісін ары қарай жалғастырып отырмын. Өзім мектепте жұмыс іс­теймін. Бірақ шаруашылық саласында мал ұстаудың тілін жақсы білемін, – дейді Бакир.

 

Б.Ташметов 2017-жылы «Ырыс» ми­кроқаржы ұйымынан 4 миллион теңге несие алып, аталған қаржыны кәсібін дамыту мақсатында жұмсаған. Бакир әуелде сатып алған 20 бас ірі қара санын көбейте келе бүгінде 40-қа жеткізіп отыр.

 

Қысқасы, Сайрам ауданында мал бордақылау шаруашылығы қарқынды жүр­гізіліп жатыр екен.

 

И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ