Кім айтады ауылда жұмыс жоқ деп?

27.10.2018
Қаралды: 82

Елімізде бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму», «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» және тағы басқа бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті дамыту ісі жүріп жатқаны белгілі. Ұлттық қордан қыруар қаржы бөлініп, бизнес-жобалар қаржыландырылуда.Әсіресе шалғайдағы елді мекен тұрғындары жеке кәсіп бастап, шаруашылықтарын өрістетуге мүмкіндік алып отыр.

 

Бүгінгі қоғамда жастарды ауылға тарту, жұмыспен қамту да – өзекті мәселенің бірі. Өйткені қазір қаланың баласы былай тұрсын, ауылда мектеп бітірген түлек туған жеріне қайта оралғысы келмейтіні, жұмыстың жоқтығын сылтау ететіні бар. Бүгінде жұрттың көбінен осындай пікір еститініміз рас.

 

Ал Жетісай ауданындағы Қызылқұм елді мекенінің тұрғыны Дидар Ақпанов мұндай пікірмен мүлде келіспейді. Өйткені ол – ауылда тұрып-ақ шаруаның көзін тауып, бірнеше отбасының түтінінің түзу ұшуына ықпал етіп отырған іскер жан. Бүгінде оның командасында ауылдың 16 азаматы жұмыс істейді. Осыдан тура 6 жыл бұрын үйінің іргесінен пластикалық есік-терезе жасайтын цех салған оның қазіргі таңда Жетісай ауданында бірнеше ұсталық шағын цехтары бар. Бұдан бөлек, түрлі жиһаздар, темір қақпалар жасап, сан-салалы тірліктің көзін тауып отырған ол жуырда ғана үйінің іргесінен «Ықылас» атты заманауи үлгідегі азық-түлік дүкенін ашыпты. 

 

«Ауылда жұмыс жоқ» дей­тіндермен келіспеймін. Көзін тапсаң, бәрін істеуге болады. Тек ынта мен жігер керек. Мен кәсібімді 2012-жылы шағын ғана цехтан бас­тадым. Ең бірінші ауылға пластикалық есік-терезе жинайтын құрылғылар мен қондырғыларды сатып әкелдім. Өзіміз іздендік, үйрендік. Сапалы тауар жасап шығаруға ұмтылдық. Кейіннен сұраныстар да түсе бастады. Қазіргі таңда біздің жігіттер жиһаз жинап, пластикалық, темір есік, терезе, қақпа дайындайды. Бәрі де – ауылдың жігіттері. Айлық жалақылары уақтылы төленеді.

 

Алға қойған мақсат-міндеттерім өте көп. Тек уақытты тиімді пайдаланып, жоспарлы түрде іс-әрекет жасау ғана қалып тұр. Келешекте дәл осы қарашаңырақтың ауласынан құрылыс заттарын саудалайтын ірі дүкен ашсам деген жоспарым бар. Бұл арманым әзірдің өзінде біртіндеп іске асып келеді», – дейді Дидар Ақпанов.

 

Барлық істің басы-қасында Дидардың өзі жүреді екен. Басшы екенмін деп қарап отырмайды. Еңбекқорлығының арқасында кәсібі де өркендеп, ауданның әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қосып отыр.

 

Жалпы, тындырымды тірлігі бар Дидардан көп нәрсе үйренуге болады екен.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ