Электр жүйесіне қажетті құралдар шығарады

26.10.2018
Қаралды: 36

Кентау қаласының индустриалдық аймағында орналасқан «ЮгЭлектроПривод» ЖШС моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде іске қосылған болатын. Зауыт ток және кернеу ажыратқыштарын, электр қуатын өлшейтін құралдар, вакуумды ажыратқыштар шығару өндірісін жолға қойған.

 

Бұл зауыт құрылысына 828 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қазіргі күндері онда 50 адам тұрақты жұмыс істейді. Оларға 90 мыңнан 110 мыңға дейін айлық беріледі. Бұл кәсіпорын бүгінгі күндерге дейін құны 100 миллион теңге болатын 4996 дана өнім жасап шығарыпты.

 

«Жобаны іске асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында банктен пайыздық мөлшерлемесі төмен субсидия алдық. Қазір біздің өнімдерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыстар түсуде.

 

Жалпы, зауыт жылына 8820 дана электр жүйесіне қажетті құрал шығара алады. Қазақстан бойынша баламасы жоқ зауытымыз трансформаторлар өндірісіне, электрлендіру жүйесіне қажетті құрал-жабдықтар шығарады. Сонымен қатар машина құрастыру саласы бойынша да жаңа бөлшектер жасаймыз. Сондай-ақ тауарларымызды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттеріне экспорттаймыз. Олардан тапсырыс жылдан-жылға көбірек түсе бастады», – дейді «ЮгЭлектроПривод» ЖШС директоры Жасур Абдураймов.

 

Өндіріс орны заманауи жаңа технологиялармен қамтылған. Қа­жетті аппараттар мен құрылғылар түгелдей шетелдерден әкелініпті. Олардың көбі автоматты түрде басқарылады. Мұнда бір адамның өзі бірнеше аппаратты қадағалай алады. Сұранысқа қарай өнім көлемін ұлғайту және талапкерлерді жаңа мамандыққа оқыту, сөйтіп жастарды жұмысқа тарту көзделіп отыр.

 

Айта кеткен жөн, вакуумды ажыратқыштар бұрын-соңды Қазақстанда жасалынған емес. Сондықтан өнімдерге сұраныс та үлкен болары сөзсіз. Зауыт қазірдің өзінде жергілікті бюджетке салықты уақтылы құйып отыр.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ