Несібесін жер игеруден тауып отыр

26.10.2018
Қаралды: 61

Отырар ауданының Қоғам ауыл округіне қарасты Мыңшұқыр елді мекенінің тұрғыны Ержан Асанов 2005-жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Сол мақсатта ол «Арын» шаруа қожалығын  ашқан болатын.

 

Е.Асанов 162 гектар жерге мақтамен бірге қауын-қарбыз, жүгері, жоңышқа егуді қолға алған. Оның 32 гектары өзінікі болса, қалған 130 гектар жерді жалға алып жұмыс істеп отыр. «Ырыс» микро қаржы ұйымынан 2,5 миллион теңге несие алып, оны көктемгі дала жұмыстарына жұмсапты.

 

– Қазір технология дамып келеді, соған сәйкес, біз де түрлі іс-шараларға, семинарларға қатысып, басқа да егін шаруашылығының мамандарымен тәжірибе алмасып отырамыз. Бұл – біліктілігімізді арттыруға қажет нәрсе.

 

Дегенмен бізді бір қинайтыны – жылдағы қымбатшылық, әсіресе жанар-жағармай бағасының көтерілуі. Бұл техникаға жүгініп жасалатын егу, ору жұмыстарының бағасын көтеріп жатыр. Сол сияқты селитра да қымбат. Былтыр тоннасы 73 мың теңге болса, биыл 90 мыңға жуықтады. Оны біз Шымкенттен әкелеміз. Бірақ біздікінің сапасы төмендеу. Ал сапалысын Өзбекстан, Ресей елдерінен алуға болады, алайда оны жеткізіп беру қарастырылмаған. Әйтеуір мемлекеттен тыңайтқышқа берілетін субсидия жыртығымызды жамайды.

 

Сондай-ақ егістік жердің ұлғаюына байланысты жыл сайынғы су тапшылығы тағы бар. Егін салып отырғандар көп. Содан да болар, ағын судың көлемі жетпей қалып жатыр. Шаруашылығымызда осындай аздаған мәселелердің орын алып отырғаны жасырын емес, – дейді кәсіпкер.

 

Соған қарамастан оның жұмысын тоқтатпай, биыл әр гектардан 25 тонна қауын-қарбыз, 20 центнер мақта алып отырған жайы бар. Жиналған қауын-қарбыз Ресейге жөнелтілсе, «ақ алтын» Шәуілдірдегі мақта қабылдайтын бекетке өткізіледі екен.

 

– Бүгінгі күні отбасымызбен жабылып, осы кәсіптің басы-қасында жүрміз. Негізінен оңтүстік өңірдің ауа райына қолайлы өнімдерді егеміз. Техникамыз да түгел. Биыл жылдағыға қарағанда қауын-қарбыздың бағасы қалыпты болды, бірақ көктемнің кеш шығуының әсерінен өнімділігі төмендеді, – дейді Ержан Арынұлы.

 

Ол кісі егін шаруашылығымен айналысатын адамның өзі агроном болуы керектігін айтады. Яғни ол тұқым салудың, суарудың әдіс-тәсілдерін, жалпы, қыр-сырын толық меңгеруі керек.

 

Жалпы, бұл кісілердің шаруашылығында шығын да жоқ емес екен. Дегенмен оның орнын жауып, келіп жатқан кірісі де баршылық көрінеді.    

                         

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ