Шетелге мыңдаған тонна өнім шығарған

29.10.2018
Қаралды: 88

Президент жариялаған 5 әлеуметтік бастама негізінде Түркістан облысы бойынша аудандарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы орайда біз Төлеби аудандық кәсіпкерлік бөлімінен біраз ақпараттар алған едік.

 

Берілген мәліметтерде аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерліктегі өнеркәсіп өнімдерінің көлемінің динамикасы талданған екен. Онда өнеркәсіп саласында 2018-жылдың басынан 27 миллиард 711 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, 2017-жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өндірілген өнімнің нақты көлем индексі 109,4 пайызды құрағаны айтылады.  (2017-жылдың тиісті кезеңінде бұл көлем 21 миллиард 244 миллион теңгені құраған екен). Ал аудан аумағындағы экспорттаушы кәсіпорындардың әр тоқсан сайын экспортталған өнім кө­лемдері мынадай: «Газпромнефть Битум-Казахстан» ЖШС-і 8 миллиард 300 миллион теңгеге 125 мың тонна, «Ақмаржан ЛТД» ЖШС-і 2 миллиард 185 миллион теңгеге 20 мың 285 тонна, «Аққұм Астық» ЖШС-і 635 миллион теңгеге 5 мың 85 тонна және «Балмұздақ» ЖШС-і 6 миллион 130 мың теңгеге 8 мың 746 килограмм өнімді шетелге экспорттапты.

 

Бүгінгі таңда өнеркәсіп саласында ауданда 19 кәсіпорын бар десек, оның ішінде 2 ірі және орта, 14 шағын және 3 қосалқы кәсіпорындар жұмыс атқаруда екен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша 2018-жылы 10 жобаның қаржыландыруын ұйымдастыру жоспарланған, қазіргі таңда соның 4-еуі іске асыпты.

 

«Гранттық қаржыландыру бойынша бір жоба қолдау тауып, Кемеқалған ауылдық округінің тұрғыны Абзал Әлихан ағаштан фитобөшке жасау инновациялық жобасының негізінде 3 миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды. Ал үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шең­берінде ауданда 2011 – 2017-жылдары жалпы құны 46 миллиард 515 миллион 600 мың теңгені құрайтын 13 жоба енгізіліп, бүгінде оның 10-ы іске қосылып, осы бағдарлама аясында жұмыс жасауда.

 

Шағын және орта кәсіпкерлік саласында жалпы субъектілер саны өткен жылы 7276 болса, 2018-жылдың басынан 7505-ті құрап отыр. Мұндағы жалпы жұмыспен қамтылғандар саны былтыр 15 мың 728 адам болса, ағымдағы жылы 16 мың 72 адамға жетті. Сондай-ақ өндірілген өнімнің нақты көлем индексі былтырғымен салыстырғанда 104,2 па­йызға артты.

 

Несиелендіру саласында кіші және орта бизнесті дамыту үшін аудан бо­йынша жалпы қаржыландыру көздерінен («Оңтүстік» АИО, «Ырыс» ЖШС-і, «КазМикроФинанс» ЖШС, «Төлеби несие серік­тестігі», «Арнұр Кредит» ЖШС-і, «Азиялық несие қоры» ЖШС-і, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры») 2017-жылы 9926 жеке азаматқа 4 миллиард 755 миллион теңге берілген болатын. Ал биылғы жылы 10 мың 732 жеке азаматқа 5 миллиард 461 миллион теңге көлемінде несие берілді.

 

Сонымен қатар, көтерме және бөлшек сауда тауар айналымына тоқтала кетер болсақ, биылға межеленген индикаторлық көрсеткіш, яғни жылдық жоспар – 20 миллард 186 миллион теңге болып бекітілген еді. Сауда және көрсетілген қызметтер бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда ауданымызда жыл басынан бері бөлшек сау­да тауар айналымы – 9 миллиард 534 миллион теңгені, көтерме сауда тауар айналымы 7 миллиард 236 миллион теңгені құрап отыр», – деп көрсетеді кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері.

 

Ал Төлеби аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Мұхтар Өсербаевтың айтуынша, қазіргі күні кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында іске асатын жобаларды үй­лестіру жұмыстары жүргізілуде. Қала және ауыл округтеріне инвестициялық жобалар тарту, өнеркәсіп өнімін өндіру, шағын бизнесті, оның ішінде отбасылық кәсіпті дамыту бағытында кәсіпкерлерді оқытуға нақты жоспар берілген. Ауданда жалпы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында  іске асатын жобалар анықталып, жоба егелерімен өзара ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумдарға қол қойылған. Осы жобалар аясында 472 жаңа жұмыс орындары ашылмақ екен.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ