Тойханасын тойға тегін береді

27.10.2018
Қаралды: 253

«Көмекке мұқтаж жандарға тойханамызды тегін ұсынамыз», – дейді жерлесіміз Полатбек Жоланов

 

 

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы, ұзақ жылдар ішкі істер саласында абыройлы еңбек еткен Полатбек Жолановты ел жақсы таниды деген ойдамыз. Ол кісі бүгінде зейнеткер, Астана қаласында тұрады. Кәсіп­керлікпен айналысады. Соңғы кездері елдегі әлеуметтік-қоғамдық мәселелерге де бейжай қарамай, жағдайы жоқ кісілерге демеушілік етіп жүрген жайы бар. Бүгінде ол кісі Астана қаласынан зәулім тойхана салып, жағдайы жоқ, той жасауға қаражаты жетпейтін жандарға тегін қызмет көрсететінін айтуда.

 

«Өздеріңіз білесіздер, кезінде осы «Заманаға» берген сұхбатымда мен жастардың үйленбей жүргеніне алаңдайтынымды айтқанмын. Расында да қазір сүрбойдақ жігіттер, «кәрі қыздар» көбейіп кетті. Үй­ленейін десе қыруар қаражат керек, той жасаудың өзіне бірнеше миллион шығын шығады. Бүгінде халық несиеге белшесінен батып кеткен. Тіпті несиені жабу үшін екінші бір несие алуға мәжбүр жандар көп. Міне, осындай материалдық проблемалардың кесірінен «Альфонс» жігіттер көбеюде. Ал қыздарымыз жағдайы жақсы өмірді іздеп шетелдіктердің етегінен ұстау­да. Не болмаса атасымен жасты кісілерге көңілдес болуға әзір. Бұл былай қарағанда елеусіздеу нәрсе болып көрінуі мүмкін. Ал астарына үңілсек, бұл – үлкен қасірет.

 

Осы жағдайларды ойлана келе жаңадан ашылған «Әсия» дейтін тойханамызда жағдайы жоқ кісілердің той өткізуіне қол ұшын берейік деп шештік. Той өткізеді дегенде, залды жалға беру ғой. Оның өзі Астанадағы бағамен есептесек, бірталай қаражатты талап етеді. Ал біз соны тегін ұсынамыз. Бірақ осындайда  тегін нәрсені пайдаланып қалғысы келетіндер шығады, сондықтан біз алдымызға келгендердің бәріне бірдей тойхананың есігін тегін аша бермейміз. Шын мәнісінде қаражаты жоқ, көмекке мұқтаж кісілерге ғана көмек көрсетеміз», – дейді Полатбек мырза.

 

Астана төрінен ашылған «Әсия» тойханасы 191-көшеде орналасқан. Тойхана 340 адамға лайықталған. Заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда тек той ғана емес, ас, құдайы, еске алу секілді жиындарды да өткізуге мүмкіндік бар.

 

... Жалпы, кәсіпкер Полатбек Жолановдың жомарттығы мұнымен шектелмеген. Ол кісі бұған дейін де денсаулығы нашар, шетелде ем алуға мұқтаж бірнеше жанға қаржылай көмек көрсеткен. Сондай-ақ өзі туып-өскен ауылына 1996-жылы 280 орындық мешіт, 39 шақырым жол салып берген. «Кезінде өзім басқарған Қазығұрт аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын кетерімде өз қаржыммен күрделі жөндеуден өт­кізіп, сыртқы қоршауына дейін ауыстырып бергенмін», – дейді ол кісі.

 

Полатбек Жоланов бұл істерді мақтану немесе міндет ету үшін айтып отырған жоқ. Тек таяуда ғана Қазығұрт ауданының 90 жылдық мерейтойына осы ауданнан өсіп-өнген азамат ретінде өзінің еленбей қал­ғанына ренжулі. «Сол тойдың басы-қасында біз секілді азаматтар жүрсе айып па? Марапатын алмақ түгілі, шақырту қағазын да көрмедік. Бұдан нені байқауға болады? Демек, аудан басшысы бұл тойдың өтуіне жа­уап­кер­шілікпен қарамаған. Қонақтарды шақыру мәселесіне салғырттық танытқан. Немесе ол әкім сол ауданнан шыққан есімі елге белгілі кісілерді танымайтын болғаны», – дейді Полатбек мырза.

 

...Расында да ыңғайсыздау жағдай болған екен. Аудан басшылығы бұл мәселені ескерер, ендігіде қателік жібермес деген ойдамыз.

 

С. КЕНЖАЛИЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ