Бір күнде 5 ауылға газ берілді

23.10.2018
Қаралды: 72

Жетісай ауданындағы бес ауылға бір күнде «көгілдір отын» келіп, тұрғындарды қуантып жатқан жайы бар. Соның ішінде Ш.Ділдәбеков ауыл округіне қарасты Достық, Байдала, Зерделі және Атамекен ауыл округіндегі Қоғалы, Тыңдала ауылдары бар. Бұл шара салтанатты түрде атап өтіліп, Достық елді мекеніндегі газ торабын іске қосу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысқан болатын.

 

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметінің мә­ліметтері бойынша, 2017-жылы басталған құрылыстың нәтижесінде бүгінгі күні аудандағы 104 елді мекеннің 46-сы, яғни 22 мың 96 абонент табиғи газбен қамтылды. Бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 44,2 пайызын құрап отыр. Ал абонент саны бойынша  ауыл тұрғындарының 74,4 пайызына газ жеткізілген.

 

Облыстық бюджет есебінен жүргізілген нысанның жалпы сметалық құны 102 миллион 600 мың теңгені құраған екен. Газ құбырларын тарту жұмыстарымен «Шаңырақ» ЖШС-і айналысыпты.

 

«Жалпы, биыл Жетісай ауданындағы елді мекендерді газдандыру мақсатында бес нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 615 миллион 400 мың теңге қарал­ған болатын. Оның ішінде бір нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары 2018-жылдың шілде айында аяқталса, үш елді мекенге тартылған құбырлардың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде», – деп мәлімдейді Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ