«AGROFEST-2018»: 21 номинация бойынша марапатталды

25.10.2018
Қаралды: 113

Түркістан қаласында алғаш рет «AGROFEST-2018» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті. «Есімхан» алаңында өткен шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары қатысты. Мерекелік жиында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сала мамандарын кәсіби меркелерімен құттықтап, аймақтың жетістіктеріне тоқталды.

 

«Өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 475,6 миллиард теңгеге жетіп, республикада 2 орынға қол жеткіздік. Көкөніс, бақша дақылдарынан 2,8 миллион тоннамен рекордтық өнім жинадық. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне, 1 миллион тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жетіп, елдегі жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы Түркістан облысында өндірілді. Республикадағы салынған жылыжайлардың 77 пайызы, тамшылатып суғару әдісінің 73 пайызы да біздің өңірге тиесілі. Облыста алғаш рет 6,2 мың тонна ет экспортталып, республика экспортының 41 пайызын қамтыды. Мұның барлығы Сіздердің еткен еңбек, төккен термен келген жетістіктер деп айтуға толық негіз бар», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

 

Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы саласында белсенділік танытып, үздік көрсеткішке қол жеткізген аудан, қалалар және жеке шаруалар ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің және облыс әкімінің марапаттарына ие болды.

 

Өңір шаруалары «Озат астық жинаушы», «Озат мал бордақылаушы», «Озат бақша өсіруші» сынды 21 номинация бойынша марапатталды. Одан бөлек, аудан, қалалар арасында 16 бағыт бойынша үздіктер анықталды.

 

Сондай-ақ шара барысында көрме ұйымдастырылып, онда ауыл шаруашылығы өнімдері, асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлері мен озық техникалар ұсынылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жәрмеңкесі өтіп, онда 182 тонна табиғи таза өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағада саудаланды. Қонақтар үшін 1 тонна палау мен 1 тонна бауырсақ дайындалып, көпшілікке тегін таратылды. Алаңда ұлттық спорттың 12 түрінен сайыстар өткізіліп, аудандардан жиналған білектілер мен ұлттық спорттың шеберлері өзара мықтыларды анықтады. Үздік атанған барлық қатысушылар мен спортшыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

 

Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ