Теріскейде тындырылған ізгі іс көп

23.10.2018
Қаралды: 60

Түркістан облысындағы Созақ ауданы – өңірдегі жер көлемі ең үлкен аудан. Бүгінде ол облыстың ғана емес, еліміздің де экономикасына молынан үлес қосып отыр. Осы орайда аудандағы бірқатар кәсіпорындардың жұмысы жөнінде айта кетсек дейміз.

 

«Аруананың» йогурты тіл үйіреді

 

Аудан орталығы – Шолаққорған ауылында осыдан екі жыл бұрын «Аруана» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, түйе және сиыр сүтінен йогурт жасауды қолға алған болатын. Кооператив жергілікті тұрғындардан түйе сүтінен бөлек, сиыр сүтін де қабылдайды. Шұбат, сиыр сүті, айран, қаймақ, сары май өндіріп ауыл, аудандағы сауда орындарына килосын 200 – 500 теңге аралығында саудалауда. Өнім көлемі артқан кезде тіпті Түркістан қаласындағы базарларға да өткізіледі.

 

«Жұмысты қаймақ алудан бастадық. Ол кезде 500 литр сиыр сүтін өнім шығаруға жұмсадық. Одан кейін шұбат өңдеуге кірістік. Бұл өнім көпшілікке ұнаған соң тәулігіне 1 тоннаға дейін шұбат өндіріп отырдық. Бірте-бірте ісімізді жол­ға қойып, сүт өнімдерін жасайтын болдық. Қымыран, айран, ірімшік өте жылдам сатылды. Тапсырыс көлемі артып, тіпті аудандағы уран өндіру кәсіп­орындарымен ондағы әрбір жұмысшы басына 0,5 литрден шұбат жеткізіп отыруға келісім жасадық. Дәрігерлер уран өндірілетін аумақтағы тұрғындарға күніне жарты литр қымыран ішіп тұруға кеңес береді. Өйткені мұндай жерлердегі адамдар туберкулез және түрлі ісік ауруларына шалдығуы мүмкін. Ал қымыранның осы дерттерге қарсы емдік қасиеті бар.

 

Ал түйе сүтін өңдеу цехын 2017-жылы іске қосу жөніндегі жоспарымды аудандағы ауыл шаруашылығы бөліміндегі мамандарға айтқанымда мемлекеттен қолдау болатынын естіп, құжаттарды жинауға кірістім. Сөйтіп «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 12 миллион теңге несие алып, бұл ақшаға цехтың ғимаратын дайындап, сүт өңдейтін құрылғы сатып алдым», – дейді «Аруана» өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Әдишов.  

 

Бұл шаруашылық түйе сүтін және басқа да сүт өнімдерін өңдеу үлесін өткен жылы 235 тоннаға дейін жеткізіпті. Ал биыл шикізат өнімдерінің жетіспеуі салдарынан 6 тонна ғана өндіріпті. Дегенмен ұжым бұл олқылықтың орнын келесі жылы толтырмақ ниетте.

 

Кәсіпорында 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Ұжымның15 мүшесі бар. Ауылдықтар мен аудан тұрғындары өздері үйренген кәсіпорынның қымыран мен йогуртын, ірімшігі мен майын жиі тұтынады екен.

 

Сағатына 5 тонна тұз өндіре алады

 

Ал Созақ ауданының индустриалды аймағынан ашылған «Дархан-Ас» өндірістік кооперативі сағатына 5 тоннаға дейін йодталған ас тұзын шығарады.  Йодталған ас тұзын шығаратын за­уыт 2016-жылы іске қосылған. Жылдық қуаты – 9600 тонна. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 70 миллион теңге несие алып, жұмысты жүйеге келтірген.

 

Жергілікті 14 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған зауыт облыстың тұзға деген 100 мың тонналық сұранысының 10 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы. Тұз өңдеу цехының басшысы Мұрат Сапаровтың айтуынша, өндіріс орны толықтай автоматтандырылған, бір түймемен басқарылады. Ал шикізатты нысан жұмысшылары Тасты ауыл округіндегі «Бақыт таңы» тұз кенішінен алады. Цехта 1,5 және 10 келілік ас тұзы қапталып, буылады.

 

Жұмыспен қамту жүйелі жүргізілуде

 

Жалпы, Созақ ауданында өткен жылы кәсіптік оқытуға 355 адам жіберілсе, биыл 145 адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліпті. 2017-жылы жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 65 адам қатысқан, 189 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, кәсіп ашқан. Биыл жыл соңына дейін 34 адам 204 миллион теңге шағын несиемен қамтылмақ.

 

Сондай-ақ «Жұмыспен қамту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» шеңберінде өткен жылы 1525 жаңа жұмыс орны ашылып, кешенді жоспарды іске асыру аясында 2500-ден астам адам қамтылған. Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 800-ге жуық жаңа жұмыс орны әрекетін бастапты. Демек, бұл ауданда жұмыссыздық мәселесі оңды шешім тауып жатыр деуге толық негіз бар секілді.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ