«Береке-мақта» бірлігімен мақтанады

23.10.2018
Қаралды: 55

Мақтаарал ауданының Қазыбек би ауылдық округіндегі «Береке-мақта» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі биыл мол табысқа қол жеткізіпті. Бұл туралы біз аталған кооперативтің еңбеккерлерінен ес­тідік.

 

 

Биыл кооператив 5740 гектар жерге мақта егіп, оның әр гектарынан 24-25 центнерден өнім алған. Науқан кезінде мұнда 100-ге жуық адам маусымдық жұмыстарға жұмылдырылыпты. Терімшілерге мақтаның өткізілген әр келісі үшін 25 теңгеден ақы төленген. Әрбір терімші күн­делікті 5-6 мың теңгеден табыс та­уыпты.

 

Бүгінде бұл шаруашылық нысанының 188 дана техникасы бар. Жалпы, ол 2016-жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығынан 25 миллион теңге несие алып, жұмысын жолға қойған. Ал өткен жылы 100 миллион теңге несие алыпты. Кооператив төрағасы бұл мүмкіндіктерге бірігудің арқасында қол жеткізіліп отырғанын айтады.

 

«2016-жылы Қазыбек би ауылдық округіндегі 794 шаруа қожалығы бір ауыздан бірігіп, кооператив құрдық. Иелігімізде 6832 гектар жер бар. Осы жердің 5740 гектарына мақта егудеміз. Қалғанына жоңышқа, дәндік және сүрлемдік жүгері, бау-бақша егеміз. Яғни кооперативімізге әртүрлі бағыттағы шаруашылықтар бірік­тірілген.

 

Осы бірігудің арқасында биылдың өзінде лизингке су жаңа 12 трактор алдық. Жанар-жағармай мен тыңайт­қыштарға да жеңілдетілген бағада қол жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта егістік көлемін ұлғайтпақпыз. Яғни табысымыз еселене түседі деген сенімдеміз», – дейді кооператив төрағасы Мұрат Құрбанов.

 

Жалпы, Мақтаарал ауданының Түркістан облысында өсірілетін мақтаның басым бөлігін өндіріп отырғанын жұртшылық біледі. Аудан мұндай көрсеткішке мақта шаруашылығындағы ғылыми зерттеулерді дамыту арқылы қол жеткізіп отыр. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Мақтаарал ауданында отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендіру шараларын іске асыруда. Демек, бұл ауданның шаруашылығы алға қарай өркендей берері анық.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ