Сиыр сауып, қаймақ пен құрт сатады

23.10.2018
Қаралды: 69

Келес ауданы, Ақтөбе ауыл округіндегі «Ақтөбе Е.А» өндірістік кооперативі өз жұмысын 2017-жылы бастаған болатын. Сол жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 11 миллион 110 мың теңге несие алып, оны сүт қабылдау бекетін ашуға және рефрижератор көлігін алуға жұмсаған. Бүгінде бұл кооперативтің 24 мүшесі бар.

 

«Ірілендіру саясатын қолдау, жер телімдерін, шағын шаруа қожалықтарын қосу арқылы ұжымдық түрде жұмыс істеу, сондай-ақ мемлекет тарапынан үлкен жәрдем болып келетін субсидияға ілігу мақсатында біріккен болатынбыз. Қазіргі таңда жұмыс орта деңгейде жүріп жатыр. Себебі жайылымдық жерлердің азаюының және жем-шөптің қымбаттауының әсерінен сүт те азайып кетті. Десе де жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі күні бізде 7 адам жұмыспен қамтылған, оларға 45 – 60 мың теңге аралығында жалақы  тағайындалған», – дейді кооператив төрағасы Фархат Жұманов мырза. 

 

Күніне 2000 тонна сүт қабылдайтын мүмкіншілігі бар бұл бекет әзірге 250 – 300 литр сүт қабылдауда. Кооператив қарамағындағы 75 сиырдан сауылған, маңайдағы елді мекендер мен ауыл тұрғындарынан жиналған бұл ағарған түрінен өздері құрт, қаймақ жасап, сатылымға жібереді. Тіпті балмұздақ та жасайды. Бірақ жаз айларының аяқталуына байланысты балмұздақ өндірісі қазір уақытша тоқтап тұр.

 

«Бұл өнімдермен қазір өз маңайымыздағы ауыл халқын ғана қамтамасыз етіп отырмыз. Қоспасыз болғандықтан сұраныс жақсы. 10 литр сүттен 450 – 550 грамм қаймақ немесе 2,5 килоға дейін құрт алуға болады.

 

Болашақта сүт өнімдерін өңдейтін үлкен цех ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатымыз жылдың аяғына дейін іске асып қалуы мүмкін. Ол кезде сүтті бағыттағы сиырлардың да басын кө­бейтетін боламыз. Себебі қазіргі күні жинап отырған сүт мөлшері жеткіліксіз болуы мүмкін. Соған қарай өндіретін өнім мөлшері де ұлғаятын болады», – дейді Фархат мырза.  

 

Сонымен қатар мұнда көкөніс сақтайтын қойма да жұмыс істейді. Оның сыйымдылығы – 2000 тонна. Онда жер­гілікті диқандардан жиналған қызылша, қырыққабат, шалғам секілді көкөністер сақталады. Қойма ішіндегі жылу  сырттағы 15 градусқа дейінгі суыққа төтеп бере алады. Жиналған өнім сұраныс бойынша Ресей және Қырғызстан ел­деріне де жөнелтіледі. Сонымен қатар елі­міздегі Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына да жіберіліп отырады.

 

«Болашақта өз өнімдерімізбен бүкіл Қазақстанды қамтамасыз етуді армандаймыз. Сапасыз тауарларды ысырып тастасақ дейміз. Өйткені балаларымыз химикатсыз, табиғи  таза азық-түлікті ғана тұтынғаны дұрыс қой», – дейді кооператив басшысы.

 

Алған беттен қайтпайтын мұндай жан­дар үшін ол күннің де ауылы алыс емес болар. Өйткені осындай өндірушіле­ріміздің қатары арта бергенін тұтынушы да қалайды ғой. 

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ