«Бердібай» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ғалымжан Бердібаевтың мал басын көбейту ісімен айналысқанына жеті-сегіз жылдай уақыт болған. Қазығұрт ауданындағы Көкібел ауылының тұрғыны 2017-жылдың қыркүйек айында «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 5 миллион теңге көлемінде несие алып, оны толықтай кәсібінің дамуына жұмсапты.
– Әр басына 250 мың теңгеден есептегенде бұл 20 аналық сиырға арнап берілген қаржы болатын. Мен 24 аналық сиыр алдым. Қазіргі таңда олардың саны 40-қа жуықтап қалды. Оның 20 шақтысы жуық арада бұзаулайды, – дейді Ғалымжан.
«Бердібай» жеке кәсіпкерлігі одан бөлек, 300-дей қой, 12 бас жылқы ұстап отыр. 70 бас ірі қара малына арналған қораны былтыр салып қойған болатын. Оның ішін толтырып, қолдағы ірі қара мал басын 70-ке жуықтатсам дейді. Несиеден толық құтылған соң мал бордақылау ісіне көшеміз деген жоспары да бар.
– Жылқыларды қорада ұстамаймыз. Далада жайылып жүре береді. Дегенмен бізде жайылымдық жерлер аз. Теледидарда көрсетіп жатқан 2-3 мыңға дейінгі мал ұстап отырған шаруаларға қызыға қарайтыным рас. Бәлкім болашақта сол санның төңірегін жуықтайтын күн бізге туар деп қоямын.
Негізі мемлекеттік бағдарламалар шаруалар үшін ыңғайлы екенін айтқым келеді. Сол арқылы несие алуым маңайдағы көптеген адамның көзін ашып жібергендей болды. «Қалай болады, жолын көрсет» дегендер көбейе бастады. «Барып, құжатыңды өткізсең, бәрі де мүмкін», – деп түсіндіремін.
Әу баста, 2016-жылы 20 миллион теңге несие алмақ болғанмын. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының арнайы курсын оқып, бизнес-жоспар да дайындаған едім. Мал тұратын жерім жоқ болғандықтан ойым іске аспады. Ол қора құрылысын әлі бастамаған кезім еді. Бірақ одан кейінгі жоспарларым ақырындап жүзеге аса бастады, – дейді кәсіпкердің өзі.
Ғалымжан Бердібаев былтыр жайылымдық және суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында «Бердібай ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрған екен. Қазір онда 42 гектарға жуық жер бар. Соның арқасында бүгінде жем-шөп жағынан қиындық көрмей отыр екен.
М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.
Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!