Құрманғазыда қазысы қалың бордақы бар

22.10.2018
Қаралды: 62

Төлеби ауданындағы Алтынбастау елді мекенінің тұрғыны Құрманғазы Мұратов жылқы бордақылау ісімен көптен бері айналысады. Ол 2017-жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 3 миллион теңге несие алып, оны мал басын көбейтуге жұмсаған. Бұрын небәрі 7-8 бас жылқы байласа, қазір семіртетін мал саны 15 – 20-ға жуықтап отыр. Кәсіпкер алдағы күндері тағы да мемлекет қолдауына жүгінбек. Мүмкіндік туса, тек мал басын ғана емес, жұмысшылардың да санын көбейтпек ниетте. Әзірге қол астында 1 ғана жұмысшы бар.

 

 

– Қазір қорамда 10 бас жылқы тұр. Тағы да 10 ат алатын болып келісіп қойдым. Малды базардан немесе ауыл-ауылдан таңдап аламын. Қазір кейбіреулер малды «дәрі­мен семіртеді» дегенді жұрт көп айтып жүр. Өз басым жоңышқамен, бидаймен бордақылаймын. Еңбегімнің адал болғанын қалаймын. Жылқыларды тоғыз ай байлаймын. Көктемде үш ай көкке жіберіп аламын, шөп қураған соң бірден жем-шөппен бағамын.

 

Рас, қазір жем-шөп қымбаттап жатыр. Бірақ бағасы көтерілді екен деп біз жұмысымызды тоқтатып қоя алмаймыз. Егер фирмалармен, мекемелермен келісім-шартқа отырып, оларды етпен толық қамтамасыз ете алсам, мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияға ілігер едім. Осы мәселеге де көшсем деген ойдамын, – дейді Құрманғазы.

 

Кәсіпкердің мал союға арналған кішігірім алаңшасы да бар. Сол жерде сұранысқа қарай аптасына 1 немесе айына 4-5 жылқы сойылып, базарларға, дүкендерге, кейде мектеп пен аурухана қызметкерлеріне өткі­зіледі екен.

 

– Бұл кәсіппен бұрыннан айналысып жүргендіктен тұрақты сатып алушыларым да жетерлік. Келесі айда мереке қарсаңына орай кем дегенде 5 жылқы сойылуы керек. Ауладағы үлкен қора босап қалмас үшін орнына келісіліп қойған адамдарымнан алынатын тағы да бір­неше бас жылқы кіргіземін, – дейді Қ.Мұратов. 

 

Оның қорасында тек жылқы ғана емес, 20 бас қошқар, 40 шақты қой да бар. Қойларды төлдетеді, ал қошқарларды етке жібермек ойда.

 

...Жалпы, Төлеби ауданы бойынша биылғы жылы мал шаруашылығы саласында 15 миллиард 548 миллион 700 мың теңгенің өнімі өндіріліпті. Сондай-ақ осы жылы аудан бойынша ірі қара мал басы 66 мыңнан, ұсақ мал 201 мыңнан асып, жылқы саны 27 мыңға жуықтап отыр екен.  

 

     И. МАҚПАЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ