7 түрлі жемістен шырын шығарады

22.10.2018
Қаралды: 61

Шырын – ағзаға қажет дәрумендерге бай табиғи сусын. Ол тек үлкендерге ғана емес, балаларға да пайдалы. Өнеркәсіптік жолмен шығарылатын шырын өзіндік дәмдік қасиетімен ерекшеленеді. Осындай сусындар Түл­кібас ауданының Керейіт ауылында орналас­қан «Арсен-Ас» серік­тес­тігінде «Нар Сапа» тауарлық белгісімен шығарылуда. Компания директоры – Берік Омарбеков.

 

«Арсен Ас» – концентратты және табиғи шырын шығару бағытында өңір бойынша көш бастап тұрғандардың бірі. Оның тәтті шырындары аудан мен Түркістан облысы аумағына ғана емес, Алматы, Астана, Тараз, Семей, Қызылорда, Атырау қалаларына да таралады. 2015-жылы жұмысын бастаған кә­сіпорын «Максимум» аймақтық ин­вестициялық орталығынан 300 мил­лион теңге көлемінде несие алып, оны Қытай елінен өнді­ріске қажетті жабдықтар әкелуге жұмсаған. Бү­гінде мұнда екі цех жұ­мыс іс­тейді: бірінде алма концентраты өнді­рілсе, екіншісінде сол концентраттан алма шырынын шығарады. Жылына 300 тонна алма концентратын өндіретін мүмкіншілігі бар.

 

Қазіргі күндері цех сағатына 5 мың литрге дейін шырын өндіреді. Мұнда 17 адам жұмыспен қамтылған, орташа жалақылары – 100 мың теңге шамасында.

 

– Біз алманікінен басқа өрік, мультифрукт, шие, апельсин, шабдалы, қызанақ сияқты жеміс пен көкөніс шырындарын өндіреміз. Сусындар табиғи таза, консерванттар мен зиянды қоспалар, бояулар қосылмайды. Негізгі шикізат көзі болып табылатын алма жемісін осындағы жергілікті бағбандардан сатып аламыз. Ал қалған сусындардың концентраты жан-жақтан жеткізіледі.

 

«Нар Сапа» шырындары қағаз қаптамада және шыны ыдыста сатылады. Қазіргі нарықтағы бағасы 110 және 250 теңгені құрайды. Біздегі тауар бағасы арзан, сондықтан сұранысқа ие. Шырыннан бөлек, алма концентратын да сатылымға шығарамыз. Ол Қазақстан қалаларына және Ресей еліне де жөнелтіледі, – дейді компания экономисі Шыңғыс Сүндетқазин мырза.

 

Шырын өндірісін қолға алған бұл кәсіпорынның жұмысы қарыштай берері сөзсіз деп ойлаймыз. Себебі бүгінде әрбір адамның табиғи өнім тұтынуға ұмтылатыны рас қой.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ