Еңбегі ерен Ерболат

22.10.2018
Қаралды: 70

Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданына қарасты Шақпақ елді мекенінің тұрғындары егіншілікті еркін меңгерген. Мұндағы шаруалар егістік алқаптарын электронды картаға енгізіп, «Бір терезе» қағидасы арқылы құжат жасаған, соның арқасында аудан орталығына қайта-қайта сандалуды ұмытқан. Ауыл егіншілері осы арқылы уақыт үнемдеп, бар үш шаруашылыққа арнағанды құп көреді.

 

Осы әдісті меңгеріп, ауданның әлеуетіне үлес қосып жүрген кәсіпкер Ерболат Мырзабековті ерекше атасақ болады. «Ерсұлтан-агро» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры – озат егінші ғана емес, аудандағы қайырымды, жомарт жандардың бірі. Көптеген қайырымдылық шаралардың басы-қасында жүріп, қаржылай да, бағалы заттай да көмек көрсетіп тұрады. Мысалы, ол шағын ғана Шақпақтың атын аспандатып жүрген ауылдағы цирк өнерпаздарына көлік  тарту еткен. Төрт өнерпаздан құралған жастардың өнеріне сүйсінген кәсіпкер олардың байқауларға барар жол шығыны мен ас-ауқатына дейін өз қалтасынан көтереді екен. Азаматтың қамқорлығын  оған риза болған ауыл адамдарынан естідік. Өзінен білгеніміз – кәсібі жайында ғана.

 

Егін егумен 20 жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан «Ерсұлтан-агро» ЖШС-і 1500 гектар жерді игеріп отыр. «Алғабас – Ағыбет» өндірістік кооперативі мен «Ерсұлтан-агро» серіктестігі бірлесіп,  Алғабас, Ағыбет ауылдық округі аумағынан  2000 гектар жерге бидай, 1500 гектар жерге мақсары, 500 гектар жерге арпа, 400 гектар жерге жоңышқа еккен екен.

 

«Диқан «жерім» дейді, жері үшін ерінбейді» деген мақал біз үшін ұран. Екі округтен 20-ға жуық тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Ал маусымдық жұмыстар қызған кезде 50-60 адам жұмысқа тартылып, оларға 80 мың теңге көлемінде еңбекақы төленуде. 

  

Шаруашылықта 35 техника бар. «Стекловидный 24», «Красный водопад», «Память 47»  деп аталатын бидай сұрыптарын өсіреміз. Сонымен қатар арпа мен сұлыны будандастырып өнім алып та жатырмыз. 500 гектардан мақсары өнімін жинағалы да көп болды. Күні кеше ғана жер-анадан бітік шыққан барлық өнімді жинадық. Қазір жер айдалып, мал азығы тапсырыс берушілерге тасымалданып жатыр.

 

Алғабас ауылдық округіндегі Қазата ауылында шаруашылық қоймасы жұмыс істейді. Сонда кооперативтегі төрт түлік малға арналған жем-шөп сақталады.  Кооперативте жылына 7 мың тоннадан аса жем-шөп жиналып, оны көршілес ұжымдар мен жергілікті шаруалар қолжетімді бағада ала алады. Енді алда тағы 5 мың гектар жер алып, оны да игеру мақсаты тұр. Оған техникамыз сақадай-сай, жұмысшылар да дайын», – дейді кәсіпкер.

 

Ол кісінің айтуынша, серіктестікке мемлекеттен көрсетілер қолдау да баршылық екен. Тыңайтқыш пен жанар-жағармай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен уақтысында беріледі. Аудан орталығында жанар-жағармай тапшы болса да шаруашылықтарға дер кезінде жеткізіліп, соның арқасында дала тіршілігінің көрігі қызады. Бұл да болса егіншілерге орасан көмек қой.

 

Жалпы, Бәйдібек ауданы биыл 95 мың гектар жерді игеріпті. Ал оған қанша күш, еңбек, сабыр мен ащы тер жұмсалады десеңізші! 

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ