Жетісайда 300 мың жұп аяқ киім жасалды

23.10.2018
Қаралды: 110

Жетісай ауданының Ералиев ауылдық округіндегі «Хаят Р.У.Ж.» ЖШС-інің аяқ-киім фабрикасына Түркиядан жаңа қондырғы әкелінгелі жұмыс  әлдеқайда қарқын ала бастапты. Бұл жөнінде бізге кәсіпорын директоры Ұлықбек Ражапов айтып берді.

 

«Осыдан 8 жыл бұрын бастал­ған бұл кәсіптің қыр-сырын бүгінде жетік меңгердік. Қыстық, жаздық аяқ киімнің сан түрін өндіріп жатырмыз. Бағасы төмен, сапасы жоғары. Былғарыдан жасалған табаны резеңке сүйретпелер де көптеп сатылуда. Өнімдерімізді өзіміздің облыс пен Алматы қаласының тұрғындары жақсы алады. Сауда орындары тапсырыс берген соң көпшілігі біздің жеткізуімізді күтпей, өздері әкетіп жатады.

 

Жобамыз «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 675 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл қаржыға  Түркиядан аяқ киім тігетін жаңа қондырғы сатып алдық. Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыспен қамтылып, 70 – 100 мың теңге аралығында жалақы алып жатыр. Жұ­мысшылардың барлығы да жетісайлық азаматтар. Олар да тұрақты жұмыс табылғанына қуанып, іске жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгі таңға дейін кәсіпорын 100 миллион  теңгедан астам қаржы тапты, 300 мың жұп аяқ киім шығарды.

 

Ендігі мәселе  – тыңғылықты жұмыс істеп, ауданның экономикасына үлес қосу. Егер сұраныс артып жатса, фабрикамыздың ауқымын кеңейтпекпіз. Сондай-ақ жұмысшылар қатарын да арттырғымыз келеді»,  – дейді кәсіпорын директоры.

 

Бұл кісі басқаратын фабрика осы қарқынмен жұмыс өндірер болса, аз уақыт ішінде шетел тұтынушыларына да шығуы әбден мүмкін сияқты.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ