Малы ұрланған жан полицияға қапа болып жүр

21.10.2018
Қаралды: 90

Кешегі аптада редакциямызға Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылынан Алтынбек Егембердиев есімді азамат (суретте) шағымданып келді. Ол кісі өзінің аудандық ішкі істер бөлімінің жұмысына көңілі толмай жүргенін айтты. Оған жоғалған малының ұзақ уақыттан бері табылмауы және ұрының ұсталмауы себеп болып отыр екен.

 

«2017-жылғы 23-мамырда екі сиырым ұрланған еді. Баукеспелер малды ұлым Айдардың қорасынан алып кеткен. Осыған байланысты полицияға шағымданғанбыз. Қыз­мет­керлері келді, көрді, тексерді. Сонымен іс бітті, күні бүгінге дейін олар тарапынан тырс еткен үн жоқ, біреуі келіп, жағдайымызды сұраған емес. Мал ұрлығы бойынша «Нұр Отан» партиясы бөліміне, аудан прокуратурасына, ішкі істер бөліміне бірнеше мәрте арызданып бардым, бірақ нәтиже жоқ.

 

Негізі ол сиырларды мен несие­ге алған едім. Кешегі күндерге дейін несие өтемақысын төлеп келдім.

 

Біздің ауылда малын ұрлатқан жалғыз мен ғана емес. Менің алдымда екі отбасының 4 сиыры жоғалған болатын, кейін тағы бір ауылдасымыздың 2 сиыры жоғалды. Қысқасы, бір айдың ішінде 8 сиыр қолды болды. Негізі бір адамнан күдігіміз бар, ол қазір алаңсыз өз ісін жалғастыруда», – дейді А.Егембердиев.

 

Бұл кісінің өзі 3-топ мүгедегі екен. Дегенмен қарап отырмай, еңбек етіп жүр, өзі «Аян» деп аталатын шаруа қожалығының төрағасы, Дербісек ауыл округі қоғамдық кеңесінің мү­шесі. Осындай азамат әділдік іздеп, полиция қызметкерлерінің жұмысына қапа болып жүр.

 

«Халықтың арыз-шағымдары неге аяқсыз қалдырылады, оған неге уақтылы жауап берілмейді? – деп күйінеді ол кісі. – Мысалы, мен алғаш­қы жазған арызым бойынша жауапты арада 8 ай өткеннен кейін, онда да аудандық прокуратураның араласуымен зорға алдым. Берілген жа­уаптың өзі екі түрлі, сонда қай басшының сөзіне сенеміз?

 

Өткен жаз соңында Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы ауысты, оған Қайрат Айтбаев деген азамат келді. 9-тамыз күні ол кісінің атына да арыз жазған едім, күні бүгінге дейін жауап жоқ. Сондықтан бұл жөнінде газетте жазылса, тиісті азаматтар мәселеге шындап назар аударар деген үмітпен сіздерге келіп отырмын».

 

Редакциямызға Сарыағаш ауданынан арнайы келген азамат осылай дейді. Сондай-ақ А.Егембердиев бізге бұған дейін тиісті орындар­ға жазған арыздары мен оған бе­рілген жауаптардың көшірмелерін қоса тапсырды. Біз ол кісінің айтқандарын ықшамдап жариялап отыр­мыз. Жалпы, бұл мәселеге тиісті орындар араласып, оңды нәтиже шығарып береді деген үміттеміз. Мәсе­лені назарды ұстайтын боламыз.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ