5 отбасыны жұмыспен қамтып отыр

21.10.2018
Қаралды: 53

Бүгінде Жетісай ауданында 7 мақта өңдеу зауыты тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ өңірде мақтаны қайта өңдеуден өткізетін шағын цехтар да жұмысын жандандыру үстінде. Солардың бірі – Қызылқұм ауыл округіндегі жалпаққұмдық жеке кәсіпкер Өмірзақ Махамбетовтің мақта түту цехы. Ол 2015-жылы іске қосылған. Бүгінде мұнда мақта мен жүн түтуге арнал­ғ­ан 5 қондырғы бар. 

 

«2015-жылы отбасымызбен осы кәсіпті ашу үшін «Каспий банктен» 3,5 миллион теңге несие алғанбыз. Бүгін­де жұмысымыз жүйелі түрде жүріп жатыр. Қазіргі айлық табысымыз жаман емес. Қыста сұраныстың азаятыны болмаса, мақта жинау науқанында жұмысымыз жақсы жүреді. «Ерін­беген екі асайды» дегендей тіршілік етіп, кәсібімді дөңгелентіп отырмын. Алдағы уақытта үйіме жақын маңнан 50 соттық жер телімін алып, цехтың ауқымын үлкейтсек деген жоспарым бар», – дейді Ө.Махамбетов. 

 

Шағын цехтың өнімдерін негізінен Жетісай ауданының тұрғындары тұтынады екен. Көрпе-жастыққа, қыз жасауына қажетті мақта өнімдерінің бәрі осында әзірленеді.

 

Бес отбасын асырап, тұрақты жалақы беріп отырған шағын цехтың қазіргі орналасқан жерінің құжаттары әзірге жоқ екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Махамбетовтер отбасы Қызылқұм ауыл округінің әкім­дігінен кәсіпкерлік мақсатында қолданылатын жер теліміне сұраныс жолдаған. Әкімдіктегілер бұл мәселені жақын арада шешіп беруге уәде етіпті. 

 

...Айта кетейік, биыл Жетісай ауданының шаруалары 48 мың 226 гектар жерге «ақ алтын» дәнін сеуіп, қырман­ға 126 мың тонна мақта жинапты. Шаруалар орта есеппен әр гектардан 26,2 центнерден өнім алған. Өндірілген өнім көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2609 тоннаға артыпты. Бұл – мақта өңдеу зауыттары мен шағын цехтар үшін шикізат жеткілікті деген сөз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ