63 жастағы шырақшы самбодан Әлем чемпионы атанды

22.10.2018
Қаралды: 179

Шымкенттің тұрғыны, осындағы «Қошқар ата» кесенесінің шырақшысы Құрмансейіт Зияев ағамыз бүгінде 63 жаста. Ол кісі – еркін күрестен және қазақша күрестен спорт шебері, самбодан халықаралық спорт шебері, еліміздегі ұйымдастырылған жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Таяуда Марокко мемлекетінде ардагерлер арасында өткен Әлем чемпионатында 100 келі салмақта 1-орынды иеленіп, жеңімпаз атанып қайтты. Кешегі аптада бізге ол кісімен сұхбаттас болудың орайы келді.

 


Аталған әлемдік біріншілікке 30 мемлекеттен адамдар қатысқан екен. Оған Қазақстаннан қырық шақты спортшы барыпты, соның ішінен 5-еуі – Оңтүстік өңірден. Отандастарымыз бұл жарыстан 11 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль әкелген. Командалық есеп бойынша Ресейден кейінгі 2-орынды иемденіпті.

 

Біз Құрмансейіт ағадан күреспен қанша жасынан бері айналысатыны туралы сұрадық.

 

«Мен 14 жасымнан еркін күреске қатысқанмын, – дейді ол кісі. – Онымен 20 жыл айналыстым, Қазақстанның құрама командасында екі жыл болдым. Ал 28 жасымда самбоға ауыстым. Себебі еркін күрестен жарыс аз болады. Оның үстіне Қазақстанның аға жаттықтырушысы Марат Жақитовтың құрама командасында біраз болдым да, самбоны жақсы меңгердім».

 

Ол кісі Жауынгер деген сыныптасы әрі досын өзінің алғашқы жаттықтырушысы санайды екен. «Өзім футболдан жаман емес едім, біраз доп теуіп кетсем: «Сен палуан боламын деп едің ғой, мына түріңмен ертең әркімнен бір жеңіліп жүресің», – деп мені белдесуге үгіттей жөнелетін. Содан екеуміз алысып, күн сайын күресетінбіз. Жамбасқа салып ары-бері қанша лақтырсам да ол қайтпайтын. Менің күреске келуіме себепкер болған алғашқы жаттықтырушым сол Жауынгер болды-ау деп кейде күліп еске аламын. Одан кейін Қазақстанның құрама командасында болғанымда Еуропа чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Петр Суриков және Сержан Абдукаримов деген кісілер маған тікелей жаттықтырушым болды», – дейді Құрмансейіт аға.

 

Айтуынша, бүгінде спортшылардың шетелге шығуы оңай шаруа емес екен. Біраз адамдар материалдық жағдайлары келмей, талай жарыстардан қалып қойыпты. Ал бұл кісілер Мароккоға өз қаражатымен барыпты. Жолкіреге, жатын орынға, тамақтануға кететін барлық шығындарды мемлекет көтереді дегенмен шын мәнінде олай болмай шықққан.

 

Құрмансейіт Зияев Темірлан ауылындағы автобазада 15-16 жыл қызмет атқарған екен. Сосын діни институтты бітіріп, дін саласына бет бұрыпты. Бүгінде көкпар аттарын баптаумен де айналысатынын айтады.

 

«Қазіргі таңда елімізде күрес өте жақсы дамып жатыр. Соның ішінде дзюдо мен қазақша күрестің деңгейі жоғарылап келеді. Алдағы уақытта қазақша күресті олимпиадалық ойын түріне қосылады деген үмітіміз бар. Самбо да жақсы дамыған. Сәл ақсап тұрған бір тұсымыз – еркін күрес. Бұл – ұстамдылықты, шыдамдылықты, өжеттікті талап ететін өте қиын спорт түрі. Сондықтан да болар, бізде бұдан Олимпиада чемпионы жоқ», – дейді ол кісі.  

    

Құрмансейіт аға спортқа деген жанашырлығы ешқашан жоғалмайтынын айтады. Келесі жылы Камерунда жарыс болады екен, соған қатысуға ниеттеніп отыр.

 

«Күрес спортының мәні өте тереңде жатыр. Мұны кейінгі ұрпаққа  қалдырып жатқан ізіміз деп айтуға болады. Пайғамбар жасына жетсек те жастарға үлгі-өнеге болайық деген мақсатта әлі күнге дейін күрестен қол үзбей, боз кілемде белдесіп келе жатқанымыздың себебі де сол», – дейді 63 жастағы спортшы.

 

Жалпы, қазіргі жас буынның ақпараттық технология құрсауынан шыға алмай жүргені жасырын емес. Құрмансейіт сынды ағалар соларды ояту мақсатында спорттан кетпей жүр. Ендеше ел ішінен олардың лайықты ізбасарлары көптеп шыға бергей дейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

   

 

Пікір қалдыру

1000 символ