Шардараның балығы шет елге де жетеді

23.10.2018
Қаралды: 154

Күздің соңғы айы да ортасынан ауды. Алдымыз – қыс.  Ал ол кезде балғын көкөніс, жеміс-жидектер болмайтындықтан адам ағзасы өзге де дәрумен, минерал көздерін қажет етеді. Осы орайда балық еті мен балық өнімдеріне деген сұраныс артатыны бар. Ал мұндай өнімдер Түркістан облысында жеткілікті десек болады. Өйткені облыста бірнеше балық зауыттары жұмыс істейді.

 

Балық шаруашылығын өркендету – әсіресе Шардара ауданының экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі. Бүгінде бұл ауданда 4 балық өңдеу зауыты жұмыс істеуде. Оларда жылына 4 мың тоннадан астам балық өнімдері өңделіп, оның 80 пайызы алыс және жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда. Яғни өнімдерін ТМД елдері мен бірқатар Еуропа мемлекеттері тұтынып отыр.

 

Жалпы, бұл өңірде жылына 4 мың тоннадан астам балық өнімдері өндірілгенімен балықтың 3 мың тоннадан астамы сырттан әкелінеді. «Шардара» су қоймасынан басқа Каспий, Арал теңіздері мен Балқаш көлінен, «Көксарай» су қоймасынан балық тасымалданады.  Сондықтан мұнда шабақты қолдан өсіру, балықты молайту шаруашылығын дамыту  бойынша  біршама жұмыс­тар атқарылуда.

 

Қазіргі таңда ауданда балық өсірумен бірнеше кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер айналысып жатыр. Мысалы, «Шардара балық питомнигі» серіктестігінде 2017-жылы 2 миллион данадан астам шабақ өсіріліпті. Бүгінде өнімдері Жамбыл облысына, Түркістан, Сарыағаш, Шымкент қалаларына және басқа да қалалар мен аудандарға, облыстарға өткізілуде. Әр 30 грамдық шабақ орташа есеппен  30 теңгеден сатылады.

 

Сондай-ақ  ауданда «Хамит» өнді­рістік кооперативі бар.  Онда балықтың бірнеше түрін тазартып, филесін арнайы мұздатқышқа салып, Германия, Литва, Израиль, Ресей елдеріне экспорт­қа шығарады. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2009-жылдан бері жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Ел қазынасына құйып отырған қаржысы да қомақты. Мұнда сондай-ақ Атырау мен Арал жақтан балықтар әкелінеді. 300-ге жуық жұмысшысы бар. Барлығы да жергілікті тұрғындар.

 

Ерекшелігі сол, зауытта балықтар қалдықсыз өңделеді. Табиғатқа залалы жоқ. Балық  сүйектерін үгітіп, арнайы тың­айтқыш, дәрумендер жасайды. Сондай-ақ мұнда балықты торлы шарбақта өсіру қолға алынған. 2017-жылы осы торлы шарбақта 133,5 тонна балық өсіріліпті. 2021-жылға дейін жылына 180 тоннадан астам балық өсіру жоспарлануда.

 

Балық өнімдерін шығарумен айналысатын тағы бір кәсіпорын – «Сүлеш ата» шаруа қожалығы. Мұнда 2017-жылы 14 гектар жер учаскесінен 63,5 тонна балық өндірілген.

 

Ал Ұзын ата ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Қайрат Сәмбетовтің иелігіндегі аумағы 30 гектар жерде балықты қолдан өсіріп, 60 тоннадан астам өнім алу көзделуде. Тың тәсілді бастаған кәсіпкер былтырғы жылы жасанды көл жасап, оған Алматыдан 60 мың шабақ әкеліп жіберген болатын. Алайда жер жағда­йына бірден бейімделіп кете алмаған шабақтардың 50 пайызы ғана өсіп-өніпті.

 

«Биылғы жылы Ташкент қаласынан тағы 60 мың шабақ әкеліп төктік. Көрші елдің суы мен Сыр бойының суы құрамдас болғандықтан ба, бұл шабақтардан тым көп шығын бола қоймады», – дейді кәсіпкердің өзі.

 

Дәл осындай әдіспен Әлібек Күмісов есімді азамат та биылғы жылы 15 гектар жасанды көлге 30 мың шабақ өсіруді қолға алыпты. Екі кәсіпкердің иелігіндегі іргелес жатқан көлдердің балығына арнайы балық маманы қарайды. Сазан балықтардың әрқайсысының салмағы 2 келіден асып қалады. Олар жаңа жыл қарсаңында жаппай ауланып, сатылым­ға шығарылмақ.

 

Жылына 1000 тоннадан астам мұздатылған және ысталған балық, филе өнімдерін шығаратын «Шардара – Балық-1» балық өңдеу зауытында 70 адам жұмыспен қамтылған. Грузия, Германия, Украина және Ресей елдері бүгінде бұл зауыттың тұрақты алушылары қатарында. 

 

Шардара ауданында алдағы уақытта тағы да қосымша «Бәйтерек» ББМ» серіктестігі және жеке кәсіпкердің қолға алуымен «Томай» балық өңдеу кәсіпорны іске қосылады деп күтілуде. Бұл кәсіпорын мен шаруашылықтар іске қосылатын болса, 180-нен астам жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылмақ. Сонда ауданның тамақ өнеркәсібіндегі табыс көлемі 4 миллиард теңгеден 6 миллиард теңгеге дейін артқалы отыр.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ