Тұзданған топырақты да өнім беретін етіп жатыр

20.10.2018
Қаралды: 74

Түркістан өңірінің экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан кәсіпорындардың бірі – Отырар ауданындағы «Азия агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ол жылына 5 мың тонна жүгері өңдей алады.

 

 

Жалпы, бұл кәсіпорын құс фермаларын құрама жеммен қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Мұнда шикізат өңдеу де жолға қойылған.  Жүгері серіктестіктің өз қарамағындағы алқаптарда өсіріліп, қайта өңделеді. Мұнда 16 адам жұмыспен қамтылып, тұрақты жалақы алады.

 

Бүгінде жүгеріден жасалған құрама жемге сұраныс жоғары. Өйткені Түркістан облысында құс фабрикалары баршылық. Өңірде құс шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отырғандықтан құрама жемге деген сұраныс төмендемек емес. Сондықтан да жүгері зауытының қуаттылығын арттыру жоспарда бар.

 

Бұл ауданда жүгері өсіретін шаруашылықтар да жетерлік. Олар пісіп-жетілген өнімдерін осында әкеліп өткізеді. Мұнда ол өңделеді, құрама жемге айналады.

 

Жалпы, Отырар ауданында соңғы жылдары топырақтың құнарлылығын арттыру, өнімділікті еселеу және тұзданған топырақты мүмкіндігінше сауықтыру арқылы қайта айналымға қосу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынуда. Нәтижесінде биыл игерілген егістік жер көлемі біршама  ұлғайған. Алдағы уақытта  28 мың 980  гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп  жоспарланып отыр.

 

Жүгері  өсірумен аты шыққан аймақ бұл дақыл түрін молайту, қайта өңдеу жұмыстарына да басымдық беруде. Осыған сәйкес, 2020-жылға қарай Отырар ауданындағы жүгері алқаптарының көлемі 15 мың гектарға жеткізілмек. Міне, осы межені жүзеге асыру мақсатында тұзданған жерлерден де ғылыми негізде сапалы өнім алу ісі жолға қойылып келеді. Осы мақсатта бірнеше жылдан бері Алматыдағы Оспанов атындағы топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ