Тәулігіне 8 тонна өнім өндіреді (ВИДЕО)

20.10.2018
Қаралды: 87

Түркістан облысының Қа­зы­ғұрт ауданындағы ин­дус­триалды аймақта  табиғи  шырын шығаратын «Көрік ШҚ» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі бой көтерді. Кәсіпорын жеміс­ті жергілікті шаруалардан қабылдап, өнді­рілген табиғи шырындарын саудаға дайындауда.

 

Қазығұрт ауданының таяуда ғана болып өткен 90 жылдық мерекесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылған болатын. Сонда бірқа­тар шаруа қожалықтарының, кәсіпорын­дардың басшыларымен танысып, тілдес­кенбіз. Олардың бірқатары туралы газеті­міздің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Кешегі аптада ауданнан алғаш рет алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығарып отырған кәсіпкерлердің бірі – «Көрік ШҚ» серіктестігінің басшысы Бағлан Ақбердиевпен сөйлестік.

 

«Ауданның әлеуетіне үлес қосып, жергі­лікті тұрғындар арасындағы жұмыссыздар қатарын азайту, кәсібімізді дамытып, Қазақстан аумағын шырынды сусындармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс бастадық. Кәсіпорынның алып жатқан аумағы – 2 гектар. Оған 586 миллион теңге қаржы жұмсалды. Жемістерден сығылған шырынды тікелей аудандағы дүкендерге, Шымкент қаласындағы сауда орындарына жө­нел­тіп жатырмыз. Жоспарлағанымыздай тәулігіне 8 тонна шырын алудамыз. Жұмыс екі ауысыммен атқарылады. 21 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Түркиядан мамандар шақырғанбыз, жаңа технология тілін, тәтті сусын шығарудың тәсілдерін үй­ретіп кетті. Жұмыс ақырындап өніп келеді.

 

 

Қазығұрт ауданы жеміс-жидекке бай, табиғаты ерекше жайлы өңір ғой. Бау өсіріп отырған шаруалардан көтерме бағада жемістер алып, балғын кезінде жуып-тазалап, сығу аппаратына жөнелтеміз. Осылай шаруамыз дөңгеленіп, барынша тірлік жасап жатқан жайымыз бар. Жұмысшыларға 70 мың теңге жалақы уақытында төленеді. Түскі аспен қамту, тасымал жағы да бізде жолға қойылған», – дейді Бағлан Ержанұлы.

 

Қазығұрт ауданында алғашқылардың бірі болып шырын өндіру ісімен айналысуды бастаған бұл кәсіпорынның жұмысы кеңінен қанат жаятын күндер алыс емес деп ойлаймыз.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ