Бал арасының мінез-құлқын жақсы білетін адам

20.10.2018
Қаралды: 57

Бал арасын өсіру – кез келген адамның қолынан келе бермейтін кәсіп түрі. Тілін білмеген адам оның пайдасын да көре алмайды. Ал Отырар ауданындағы Қоғам ауыл округінің тұрғыны Дастан Алтынбеков бүгінде бұл кәсіптің қыр-сырын бір кісідей біледі.

 

Д.Алтынбековтің омарташылықпен айналысқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бастапқыда бұл кәсіптің қыр-сырын аса түсіне бермей, екі жылдай уақыт бал ала алмай қиналыпты. Бірақ уақыт өте келе әсел жинаудың жай-жапсарын біле бастаған. 

 

– Бұл кәсіпті 2014-жылы бастадым. Кентау қаласында тұрғанымда 5-6 жылдай уақыт сондағы орыстардың балын сатқан болатынмын. Біраз уақыт өткен соң «өзің бағып үйрен» деп қайтарымда жеті-сегіз жәшік беріп жіберген еді. Содан соны көбейте келе 100 шақты жәшікке жеткіздім, – дейді ол кісі.

 

– Бал арасын асырау қиын ба?

 

– Бұл кәсіпте көп нәрсені білген дұрыс. Егер адамның үстінен арақтың, әтірдің иісі шықса, араның оны шағып тастауы да ғажап емес. Себебі аралар тазалықты сүйеді. Оларды асырау өте қиын. Бұлар да кішкентай бала секілді, тірлігі көп дүние. Олар шақпайды деп ойлау да қателік, күніне 15-20 ретке дейін шағады. Сондай-ақ олардың да өз тәртібі бар. Ұядан шыққан ара азық алып келмесе, оны басқалары өлтіріп тастайды. Бір-бірінің ұясына кірмейді және бөтен араны қабылдамайды. Өте иіс сезгіш, еңбекқор. Ара өсіремін деген адамға шыдамдылық, төзімділік секілді қасиеттер міндетті түрде қажет.

 

– Ұяда қанша ара болады?

 

– Бір жәшіктегі ара отбасында 175 мың бал арасы болады, соның бәрін аналығы басқарады. Қазір біздегі түрі – Карпат аралары. Бір ара небәрі 35 күн өмір сүреді. Сол уақыт аралығында ол бір ас қасық қана бал жинайды. Ал аналығы 5-7 жыл жасайды. Аталығы да бар. Олар бал жинамайды. Жұмысы – тек су тасу. Себебі аралар да шөлдейді. Әр араның өз қызметі болады.

 

– Балды қай кезде жинайсыздар?

 

– Жаз айларында тауға көшіп, 35-40 күн сонда боламыз. Онда аралар бал жинайды. Омарташының негізгі жұмысы – оған азық ала алатын ыңғайлы жер тауып беру. Бір жазда бірнеше жерге көшеміз. Көбіне балды жантақ және қурай гүлдерінен алады. Әр гүлдің балы да әртүрлі болады.  

 

Омартадағы балды қыркүйектің 10-на дейін ғана аламыз, одан кейінгісіне тиіспейміз. Өздері де бермеуге тырысады. Себебі олар қысқа азық жинайды. Керісінше, жаңа жылға қарай өзіміз бал береміз. Олар суыққа шыдаса да аштыққа шыдамайды. 

 

Араға қауіп төндіретін бір нәрсе – жай көзге көріне бермейтін ұсақ биттер. Олар араның қанатын жеп, соның кесірінен ара ұша алмай, өле береді. Сол үшін күзде немесе көктемде ұяларын дәрілейміз. Ол дәрілердің бағасы өте қымбат тұрады.

 

– Өнімдеріңізді қайда жібер­е­сіздер?

 

– Өнімдерімізді осы аудан төңірегіндегі алыпсатарлар алады. Олар бізден алып, базарлар мен дүкендерге өткізеді. Мемлекеттен несие алып, кәсібімізді ары қарай дамытуға да болатын еді. Бірақ қыс мезгілінің табиғатын түсіну қиындау ғой, араларымыздың суықтағы жай-күйіне сенімсіздікпен қарайтынымыз рас. Олардың бір қыста қырылып қалуы да ғажап емес. Сондықтан қанатымызды кеңге жаюға аздап қорқақтайтынымыз рас.

 

...Болашақта Дастан мырза табиғи таза бал өнімдерін өндіруге күш салып, ел экономикасының дамуына аз да болса өз үлесін қосады деген сенімдеміз.

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ