Көмір іздемейтін күндер келеді

19.10.2018
Қаралды: 100

Ел басының 5 әлеуметтік бас­та­маларында аталған бағыттың бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуді жалғастыру. Бұған қатысты жұмыстар Түр­кістан облысында да жүргізіліп жатыр.

 

Бүгінде «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар облыстың Отырар ауданында да орын алуда. Бұл аудан әкімдігінің күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәлі­меттеріне сүйенсек, 2014 – 2017-жылдар аралығында мұнда жалпы 51 мың 400 шақырым магистральдық газ құбыры жүргізілген. Сондай-ақ автоматтандырыл­ған газ тарату станциясының (АГТС) құрылысы 2017-жылы толығымен аяқталған.

 

– Биылғы жылы аудан  көлеміндегі бір-біріне тығыз және аудан орталығы Шәуілдірге жақын орналасқан 22 елді мекенге газ жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалды. Алдағы уақытта жобаларға қажетті қаржы дер кезінде бөлінсе, аудан халқының 71 пайызы 2020-жылға қарай табиғи газбен қамтылатын болады, – дейді Отырар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылхан Құдайбергенов.

 

Қазіргі таңда Шәуілдір, Темір және Ш.Қалдаяқов ауылдарында газ жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде екен. Мер­дігерлер – «Көкше Строй Плюс» және «Старс Строй» серіктестіктері. Аталған үш ауылға газ құбырларын жүргізуге облыстық бюджеттен барлығы 915 миллион теңге қаржы бөлініп, игеріліпті.

 

Сондай-ақ Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік елді мекендерінде осы қараша айында басталған газ жүйелерінің жұмыстарын «Комби-Строй» ЖШС-і өз мойнына алып отыр. Оған облыс бюджетінен 10 миллион теңге қаржы қаралған. Жоғарыда аталған алты нысанның құрылысы 2019-жылы да жалғасады.

 

Сонымен қатар, Қостүйін, Сарыкөл, Сырдария, Көкмардан, Шытты, Қарақоңыр, Бестораңғыл, Арыс (Ақтам), Мың­шұңқыр, Қоғам, Талапты, Қарғалы, Отырар, Ынталы деп аталатын 14 елді мекенде газдандыру үшін әзірленген жобалық-сметалық құжаттамалардың сараптама қорытындылары алынып, қаржыландыруға ұсынылған. Ал Арыс және Шойманов ауылдарының газдандыру жұмысына жобалық-сметалық құжаттары әзір­леніп, сараптама қорытындысын алу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде екен.

 

Сонымен қатар, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына 12 елді мекеннің жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үшін сәулет-жоспарлау тапсырмалары (АПЗ) әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылыпты.

 

Елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге қатысты жұмыстар Отырар ауданында осылай атқарылуда екен.

 

М. ИБРАЕВА. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ