Жастар үшін 300 орындық жатақхана салдырды

20.10.2018
Қаралды: 134

Президент Н.Назарбаевтың жариялаған 5 әлеуметтік бас­тамаларының бірі – жастарды заманауи мамандықтарға оқыту, олардың білім алу кезіндегі тұрмыстық жағдайын жақсартуды жолға қою екені белгілі. Бұл бастамаға Түркіс­тан облысындағы оқу орындары да өзіндік үлесін қосуда. Солардың бірі – Кентау қаласындағы көпсалалы колледж.

 

Кентау көпсалалы колледжінің іргетасы 1965-жылы тау-кен металлургиялық техникумы болып қаланған. Бүгінде оның ашылғанына 53 жыл толып отыр. 2012-жылы оңтүстік өңір бойынша «Ең үздік колледж» атауын жеңіп алғандығының өзі мұндағы істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі екенін аңғару қиын емес. Сол қыруар шаруаның басы-қасында жүріп,  еңбекқорлығының арқасында биікке жетіп отырған колледж директоры Оразкүл Бегісбевамен сұхбаттасқан едік. (Бұл қызметке ол кісі 2016-жылы конкурстық негізде тағайындалған болатын).

 

– Оразкүл ханым, білім беруде қай саладағы мамандықтарды қамтисыздар?

 

– Бүгінгі таңда біздің колледжде электрик, программист, құрылысшы-техник, техник-механик, экономист-бухгалтер секілді бірнеше мамандықтар бо­йынша мамандар даярланады. Гуманитарлық жағынан бастауыш білім мен мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, дене тәрбиесі мен спорт факультеттері бойынша оқытамыз. Білім алушылар 9-сыныптан кейін келсе – 3 жыл 10 ай, 11-сыныпты аяқтап келсе – 2 жыл 10 ай уақыт мерзімінде өздеріне керекті мамандығын алып шығады. Бүгінде колледжімізде 1053 студент сапалы білім алуда. Соның ішінде 824 студент – мемлекеттік тапсырыс бойынша, 76-сы – күндізгі ақылы негізде және 153-і сырттай ақылы негізде оқытылуда. 824 студент мемлекеттік негізде болғандықтан тегін білім алса, ақылы бөлімде оқитын студенттеріміз жылына 90 мың теңге, сырттай білім алушыларымыз 70 мың теңге көлемінде ақы төлейді. Бүгінгі қала аумағындағы әлеуметтік жағдайға байланысты төлемақы түрі осылай белгіленген.

 

– Студенттер көбіне қай өңір­лерден келіп жатыр?

 

– Колледждегі білім алушылар негізі Кентау қаласының өзінен, қала төңіре­гіндегі ауылдардан. Облыс аумағынан да көптеп келуде. Сондай-ақ өз аймақтарында оқытылмайтын мамандықтар бойынша да бізге келіп жатады.

 

– Жатақхана салуға себеп бол­ған да осы мәселе шығар?

 

– Иә. Бізге жан-жақтан келгендер негізінен ыңғайластырылған 36 орындық жатақханаға жайғасатын еді. Келушілер көп, ал ондағы орын саны аз болғандықтан көбісі қаладан пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Жаңа жатақхана сол жастарды өзімізге жақын орналастыруға жасалған тамаша мүмкіндік болды.

 

– Құрылыс жұмыстары қашан басталған еді?

 

– Жұмыстар 2017-жылдың мамыр айында басталған болатын. Облыстық бюджеттен бө­лін­ген қаржы – 447 миллион теңге. 300 орындық жатақхана екі нысан болып салынды, біреуі 149 орынды, екіншісі 151 орынды қамтиды. Құрылыс жұмыстары жоспар бо­йынша 2017 – 2018-жылдарға бел­гіленген болатын. Қазір мердігерлер тарапынан болатын құжаттар дайындалу үстінде. Содан соң қабылдау актісі бойынша нысанды қабылдап алып, студенттерді орналастыра бастаймыз. Жатақхананың ашылуын осы қараша айына жоспарлап отырмыз. Ол ақылы емес, мемлекеттік негізде білім алушылар тегін орналастырылады. Әзірге жалға алынған пәтерлерде тұрып жатқан студенттердің өті­ніш­тері қабылдануда.

 

Жатақханада жатын орны, жуыну орны, ұл-қыз бөлек уақыт өткізетін демалыс орны, сабақ оқитын бөлмелер бар. Сондай-ақ төсек-орын, электрлі пеш, тоңазытқыш секілді ішкі жабдықтармен қамтылған. Қазіргі таңда жатақхана «Сту­дент­тер үйі» деген атқа ие болып, онда үйдегідей жағдай жасалуына қажетті барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда орналасушылар тек білім алып қана қоймайды, болашақта сол жатақханада  ұйымдастырылатын  тәр­биелік мәні бар түрлі іс-шараларға белсене қатысатын болады.

 

– Колледждің жетістіктері туралы айтсаңыз.

 

– Бізде студенттерге барлық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, мұнда  80 орындық оқу залы мен кітапхана бар. Барлық мамандықтар бойынша электронды және басқа да оқулықтармен жабдықталған. Интернет желісіне қосылған үш компьютер сыныбы және лингафонды кабинет, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған шеберханалар мен дәрісханалар жұмыс істейді. 

 

Оқытушыларымызға қарап-ақ мұн­дағы білім деңгейінің қандай екенін байқауға болады. Олардың арасында 9 магистрант бар, екі мұғаліміміз шетелде магистратурада, біреуі докторантурада білім алуда.

 

Колледждің мақтан тұтар түлектері де баршылық.  Көп жылдық тарихы бар, тәжірибесі мол оқу ордасының қабырғасында білім алған бітіру­ші­леріміз еліміздің түкпір-түкпі­рінде абыроймен еңбек етуде. Біз жыл сайын сапа менеджмент жүйесі бойынша сәйкестік сертификатына ие болып келеміз. Қысқасы, жаңа заманға сай жігерлі, инабатты, ибалы жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақи болмыста тәрбиелеу жолында еңбек етудеміз.

 

– Әңгімеңізге рахмет, жетіс­тіктеріңіз мол болсын!

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ