Сатып алам десеңіз, атақ дайын

21.10.2018
Қаралды: 245

Оның 2 миллион 500 мың теңге тұратыны да бар

 

Атақ алғыңыз келе ме? Оның түк те қиындығы жоқ. Қалтаңызда қаржыңыз болса, тауарыңызға «Сапа жұлдызы – 2018» логотипін, мекемеңізге «Қазақстанның ең үздік кәсіпорны – 2018» атауын немесе өзіңізге алтынмен апталған «Қазақстанның мақтанышы» орденін ала аласыз. «Үздік маман – 2018» сертификатының иегері атану да қиын емес екен.

 

Бұл атақтарды «Сапа жұлдызы» тауар мен қызмет сапасының Ұлттық рейтингі» деп аталатын компания береді. Алматы қаласында орналасқан коммерциялық ұйымның бұл бағытта жұмыс істеп келе жат­қанына 9 жылға таяп қалыпты. Осы аралықта одан 10 мыңнан астам ұйым осындай атақ түрлерін сатып алған.

 

Атауы дардай атақтардың ақы­сы, әрине, арзан емес. Өзін осы мекеменің кеңесшісі деп таныстырған Екатеринаның айтуынша, марапаттау үш деңгейдегі бағдарлама бойынша жүргізіледі екен. Олардың бір-бірінен анау айтқандай айырмашылығы жоқ. Бірінші бағдарлама бойынша жоғарыда аталған атақтар 259 мың теңгеге беріледі. Онда бес түрлі атау бар. Екінші бағдарлама бойынша «Сапа жұлдызы» атағын алтын жалатылған барқытпен қоса береді. Сонымен қатар онда «Ең үздік бухгалтер» деген атақ бар. Сондықтан оның құны – 282 мың теңге. Ал VІP-комплект саналатын үшінші бағдарлама бойынша атақты болу ақысы – 623 мың 100 теңге. Онда жеті түрлі марапат бар. Олар – «Сапа жұлдызы – 2018» логотипіне қоса ағаш қорапшаға алтын жалатқан осы белгі, басшыға «Жыл басшысы – 2018» және «Қазақстанның мақтанышы» атағы, екі маманға сертификат, бухгалтерге орден.

 

Екатеринаның сөзінен түсінге­німіз, бұл үш бағдарламада басты мәселе – ақшаны аудару сияқты. Одан кейін келер жылғы ақпанның соңында марапат курьер арқылы есігіңізді қағып тұрады. Яғни салтанатты сарайдағы әсем әуенмен жарыса жарқыраған отшашу, жалынды сөздермен сахна төріне шақыру, сатып алған марапатыңызды жұрт алдында табыстау деген болмайды.

 

Дегенмен «Сапа жұлдызын» беру­шілер бұл жағын да қарастырыпты. Салтанатты марапаттау шарасы бар. Түсініп тұрғаныңыздай, оның ақысы бөлек. Бұл төртінші, ең жоғарғы дең­гейдегі бағдарламаға жатады екен. Ол келер жылдың 23-ақпан – 3-наурыз аралығында Тайландта өтеді. Тай еліне кіруге виза алу, барып-қайту, бесжұлдызды қонақүй, үш мезгіл тамақ, демалыс аймағындағы түрлі көңіл көтеретін бағдарламалар мен әлем жұлдыздарының концертін тамашалай отырып, марапатыңызды мұхиттың арғы жағында салтанатты түрде алудың құны 1,5 – 2,5 миллион теңге аралығында.  Екатеринаның айтуынша, оған барушылар аса көп емес көрінеді. Әйткенмен «15-20 шақты ғана» дегендерінің шығынының өзі орта есеппен 40 миллион теңгені құрайды. Ал атақты «үйінде отырып ала салатын» елдегі адамдардың төлейтін ақысын өзіңіз есептеп көріңіз. Жылына 200-ден 500-ге дейін адам «атақты» болып шыға келетінін қоса кетейік.

 

«Сапа жұлдызы» тауар мен қызмет сапасының Ұлттық рейтингі» осы атақтарды ұсыну үшін еліміздегі бизнес өкілдеріне, жеке кәсіпкер­лерге хат жолдайды. Яғни қазір «шүлен тарату» науқанына дайындық жүріп жатыр. Екатерина бізге ол жайлы да айтып берді.

 

«Компания өкілдері елдегі қандай да бір кәсіппен айналысатын адамдар, мекеме, кәсіпорын туралы деректерді Статистика коми­тетінің сайтынан алады. Ешқандай да заң бұзушылық жоқ. Өйткені ол – ашық база. Сол жақтағы деректер бойынша біздегі комиссия мү­ше­лері табысы тұрақты, кірісі жылдан-жылға артып келе жатқан меке­мелерді іріктейді. Марапатқа лайық дегендер балдық жүйемен есеп­теледі. Сосын оларға шақыру жібе­ріледі. Соңынан атақ аламын дегендермен келісім-шарт түзіліп, марапаты көктемге қарай курьер ар­қылы жеткізіледі. Ал VІP қызмет түрін алушылардың суреттері мен аты-жөндері біздің сайтта жарияланады.

 

Біз – коммерциялық ұйымбыз. Сондықтан біз берген атақтардың мемлекеттік марапаттарға ешқандай да қатысы жоқ», – дейді ол.

 

...Міне, біздің елде бүгінде биз­нестің осындай да түрі пайда болыпты. «Өз бидайыңды өзіңе қуырып беру» шарасымен айналысатын компания Ресей мен Украинада да осылай атақ үлестіреді екен.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ