Сахна саңлағы Еркінбек Шымырқұлов – 60 жаста

18.10.2018
Қаралды: 110

Кешегі бейсенбі, 15-қарашада жерлесіміз, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Еркінбек Шымырқұлов асқаралы 60 жасқа толды. Осыған орай өзі 30 жылдан астам уақыт бойы табан аудармай еңбек етіп жүрген ұжымда ол кісінің «Сахнада еркін жүзген Еркінбек» атты бенефисі ұйымдастырылды. Бізге бұл мерейлі мереке қарсаңында Ерекеңмен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

– Ереке, әңгімені актерлік өнерге қалай келгеніңізден бастасақ. Қызығып, армандадыңыз ба, әлде  бұл өнерге деген бейіміңіз бала кезден бар ма еді?

 

– Менің әкем ағаш ұстасы болған, өнерге жаны өте жақын кісі еді. Ал анам отырыс, тойларда ән айтатын. Әкемнің інісі Өтеулі Тастанбеков Қызылорда, Шымкент театрларында режиссер бол­ған. Сол кісілерден көрген-түйгендерім бар. Өзім 4-сыныптан бастап мектептегі көркемөнерпаздар үйірме­лерінде жүрдім, ән айттым. Аудандық жарыстарға қатысатынмын. Мақтап-марапаттап жатады, көңілің өседі. Соның өзіндік әсері бол­ған шығар деп ойлаймын.

 

Мен Түлкібас өңірінде, Машат ауылына қарасты Қызылбастау елді мекенінде дүниеге келгенмін. 1976-жылы мектепті бітіргесін республикалық эстрадалық өнер студиясында оқыдым, одан әнші мамандығын алып шықтым. Сосын бір жыл Қызылорда филармониясында әнші, жүргізуші болып еңбек еттім. Ал әскерден оралғасын Шымкенттің Цемент­шілер сарайындағы «Ақмаржан» ансам­блінің әншісі болдым. Сонда жүргенде  Серік Елеусізов: «Еркін, әнмен алысқа бару қиын. Сенде түр-келбет бар, концерт, іс-шаралар жүргізесің. Меніңше, актерлікке өткенің дұрыс», – деп кеңес берді. Содан 1982-жылы Алматыға барып, Мемлекеттік театр өнері институтына оқуға түстім. Сол оқуды бітіргелі бері осы салада еңбек етіп келемін. Гастрольдік сапарлармен еліміздің барлық өңірлерінде дерлік болдық, Өзбекстанға, Түркіменстанға дейін барған кездеріміз болды. 30 жылдан астам уақыттан бері сахнада жүрміз. Жалпы, бұл саланы таңдағаныма өкінішім жоқ.

 

– Сахнадағы ең алғашқы роль, ондай қандай күйді бастан өткергеніңіз, алған бағаңыз есіңізде ме?

 

– Есімде екен. 1986-жылы Шахмет Құсайыновтың «Алдаркөсе» спектаклін қойғанбыз. Гастрольге шыққан едік. Мен Шораяқтың ролін сомдадым. Студент кезімізде рольде ойнай салу қиын еместей көрінетін. Ал сол күні көрерменнің алдына алғаш шығып, оның үстіне тісқаққан, ысылған әртістердің арасында жаспын, жұрттың мысы басып, образға бірден кіре алмай қиналғаным есімде қалыпты. Жүктелген рольді дұрыс алып кетуім жүре келе, осындай үш-төрт сыннан кейін басталған еді.

 

– Өзіңіз үшін ең ыстық көрінетін рольдер деп қайсы рольдерді атар едіңіз?

 

– Әділбек Тауасаровтың «Арманшыл қыз» спектакліндегі Болаттың ролін айтар едім. Көңіліме қонған, бойымдағы барымды сала сомдаған рольдерімнің бірі. 1988-жылы «Жігер» фестивалінде осы Болаттың ролі үшін лауреат атанғанмын. Сондықтан да болар, ол маған ыстық көрінеді.

 

Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» туындысы желісімен Жақып Омаров қойған спектакльде – Рахметтің, Райымбек Сейтметовтің Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» туындысы желісімен қойылған спектаклінде Тұрар Рысқұловтың ролін сомдадым. Сәтті шыққан рольдерім деп осыларды да атай аламын.

 

– Сахнада жүргеніңізге 30 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында қанша роль сомдадыңыз, санап көрдіңіз бе? Оның ішінде басты роль мен эпизодтағылардың қайсысы көбірек?

 

– Осы уақытқа дейін Жақып Омаров, Өтеулі Тастанбеков, Әскер Құлданов, Ерғали Оразымбетов, Иманәлі Сапаров, Қуандық Қасымов сияқты оншақты режиссермен жұмыс істеген екенмін. Өкпем жоқ, барлығы да әлеуметтік, басты рольдерді беруге тырысты. «Қыз Жібекте» – Төлеген, «Айша Бибіде» – Арыстан хан, «Қарлығаш әулие – Төле биде» – Төле би, «Арқалық батырда» – қытайлық Юн Сун батыр, «Ұлы көште» –Бәйдібек би, «Абылай ханда» – жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен, «Бас» спектаклінде –  Баймағанбет, «Желсіз түнде – жарық айда» – Абай, «Далам-ай – панам-ай!» қойылымында ұшқыш Бекболат және тағы басқа да рольдерді сомдадым.

 

Ал қанша рольде ойнағанымды санап көрмеппін. Кеше ойша санап көрген едім, 100-ді шамалады.

 

– Үнемі салмақты, күрделі роль­дер­ді сомдаған сияқтысыз. Ал коме­дия­лық қойылымдарда ойнаған кездеріңіз бар ма?

 

– Иә, бар. Мысалы, өзбек драматургі. Ш.Башбековтің «Шойын қатын» комедиясында басты рольдердің бірі – Әлімжан әканың ролін ойнадым. Өзбек ағайынның қойылымдарында жүріс-тұрыс, іс-қимыл көп қой. Жалпы, ол рольді де жақсы алып шықтым деп ойлаймын.

 

– Бір рольді алып шығу үшін қанша дайындық жасайсыздар?

 

– Әр кезде әрқалай. Кейде бір-екі айға дейін дайындалу керек болады. Басқа рольдегілермен кірігіп, музыка, жарық, тағы басқа – бәрі кешенді түрде үйлесті-ау дегенде «піскенімізді» білді­реміз. Сосын режиссер қабылдаса, сахнаға шығамыз.

 

Ал кей қойылымдарға дайындалуға оншақты күн ғана кетеді. Мысалы, Асан­әлі Әшімовтің «Сұлтан да өтер дү­ние­ден» спектакліндегі рольге да­йын­далуыма аз уақыт кетті, сахнада оны жақсы алып шықтым. Асекеңнің өзі: «Тіл алғыш актер екенсің!» – деп жақсы баға берді. Сол кезде студент шақтарымызда Асқар Тоқпанов ағамыздың: «Актер тіл алғыш, нанғыш, сенгіш болуы керек. Тіл ала отырып, сене отырып сендірсең, нана отырып, нандырсаң, көрерменге бойыңдағының бәрін жеткізсең, тарта білсең, онда сен – әртіссің. Әйтпесе, ауылдағы көкелер айтқандай «әртіс-тәлпіш» болсаң, оқығың келмесе, онда қайта бер», – дейтін сөздері есіме түсті.

 

– Ұстаздарыңыз, шәкірттеріңіз туралы бірер сөз...

 

– Студент кезде Халық әртісі, профессор Маман Байсеркеновтен дәріс алдық, жетекшіміз Халық әртісі Рабиға Қанабаева болды. Сәбит Оразбаевты да ұстазым деп атай аламын. Ол кісі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» қояйын деп жатқанда: «Айналайын Еркін, мынау Жантықта сөз көп, өзі – жетекші роль. Сенде тіл бар, Оңтүстіктің ыстығы бар. Сондықтан осы рольді алып шығуды саған тапсырамыз», – деп Жантықтың ролін берген еді. Бұл салмақты рольді абыроймен алып шықтым. Осы рольмен дипломда да «5» алған болатынмын.

 

«Көктөбедегі кездесу» қойылымында Исабектің ролін жақсы сомдағаным үшін Асқар Тоқпанов ағамыз жақсы баға берген еді.

 

Бүгінде университетте жастарға дәріс беріп жүрмін. Алғаш осында келген жылы мұнда Сағи деген бала болды, осыдан бірдеңе шығады деуші едім, айтқандай, қазір ол Шанин театрында еңбек етіп жүр. Бой десең – бойы, ой десең – ойы, сөзі бар, іске бейім, ізімізді алып келеді. Бүгінде көптеген жастар маған өзіңізді ұстаз тұтамыз деп жатады. Осыған көңіл марқаятын жайымыз бар.

 

– Бүгінде спектакльге ешкім қызықпайды дейтіндер бар. Жалпы, театрдың болашағы туралы не ойлайсыз?

 

– Сахна өнері – киелі өнер, ол – өнер ордасы, өнер шыңы. Дегенмен оның да сәтті кездері, сәтсіз кездері болады. Қалай болғанда да адамға эстетикалық, рухани дүние қажет, сондықтан адамдар театрды іздемей тұрмайды деп ойлаймын. Жалпы, театрға келе­тіндер аз емес. Кейде бір пьесаны үш күн қатарынан қоятынымыз болады. Сонда залда адам толып отырады.

 

– Сіз бірқатар бейнероликтерге, қысқаметражды фильмдерге түстіңіз. Жалпы, театр мен киноның айырмашылығы қандай, қайсысында оңайырақ? Киноға түсуге, күрделі рольді сомдауға шақырса, тәуекел ете алар ма едіңіз?

 

– Иә, біраз бейнероликтерге, фильмдерге түскенмін. «25 теңге – 1», «25 теңге – 2» деген фильмдердің түсірілгеніне де 10 – 15 жыл болып қалыпты. «Өзіміз», «Кілт», «Кемел шақ» деген киноларда ойнадым.

 

Негізі киноға түскеннен спектакльде ойнаған әлдеқайда қиын. Өйткені сахналық қойылымда мыңдаған көрер­меннің алдында тұрасың, жанды сөз, тікелей сұхбат бергендей боласың. Ол жерде сәтсіз шыққан әрекетіңді түзеу үшін қайталай алмайсың.

 

Жалпы, осы уақытқа дейін біраз киноға түсіп үлгеріппін. «Төле би» филь­мінде Әнет бабаның ролін сомдадым. «Жеті жарғыны» жазғандардың бірі – Сасбұқа бидің ролінде де ойнадым. Бүгінде мені Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов туралы киноға түсуге шақырып жатыр. Онда білім саласы туралы айтылады, сондағы Қасым деген шенеуніктің ролін беріп отыр. Алдағы уақыттарда да шақырып жатса, киноға түсуге болады ғой.

 

– Енді отбасыңыз, тұрмыс-тіршіліктеріңіз туралы айтсақ. Жұба­йыңыз да осы саланың адамы ма, әлде басқа саланың маманы ма? Отбасында қанша бала өсір­діңіздер? Олар немен айналысады?

 

– Әйелім Бибінұр Суннатқызы – институттың режиссура факультетін бітірген, қазір қаладағы әзіл-сықақ театрында істейді, труппа жетекшісі.  Үш ұл өсір­генбіз. Үлкеніміз Данияр полиция саласында, подполковник. Ортаншымыз Әнуар – «Өнер қырандарында» пародия әртісі. Кенжеміз Мейіржан қолымызда, ол бүгінде қалалық мәдениет бас­қармасында еңбек етіп жүр. Барлығы да отбасылы. Немерелер бар.

 

– Бүгінде қолдан келіп, мүмкіндік болып жатса, бірнеше жұмысты қатар алып жүруден ешкім де қашпайды ғой. Сізде қазір отбасына кіріс келтіретін негізгі жұмыстан, жоғары оқу орнында сабақ беруден басқа табыс көзі бар ма?

 

– Бұйырғаны болып жатады ғой. Бұрын той-томалақтарды басқаруға шақыратын. Қазір кей іс-шараларды жүргізуге, Қыдыр атаның ролін ойнауға, сүндет той, тұсаукесерлерге шақырып тұрады.

 

– Бүкпесіз әңгімеңіз үшін сізге рахмет, әрқашан амандықта болып, абырой биігінен көріне беруіңізге тілектеспіз.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ