Түркістандықтар «Махаббат мұнарасын» тамашалады

17.10.2018
Қаралды: 126

Қ.Иассауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Махаббат мұнарасы» мюзиклінің премьерасы өтті. Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық опера және балет театрының ұйымдастыруымен алғаш рет сахналанып отырған туындыны тамашалауға зиялы қауым мен аталған жоғары оқу орнының оқытушы құрамы және студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Қойылымның ашылу салтанатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзін арнап, театр ұжымына шығармашылық табыстар тіледі.

 

«Премьераны тамашалауға қала тұрғындарының, әсіресе жастардың көптеп келуі көңілге қуаныш сыйлайды. Бұл халқымыздың тың дү­ние­ге қызығушылығы артуының, мәдение­тіміздің өркендегенінің дәлелі іспетті. Астана қаласында қойылған мюзикл жаңа облыс орталығында тұңғыш рет сахналануда. Екі көріністен тұратын туынды театр репертуарындағы үздік қо­йылымдардың біріне айналарына сенімім кәміл. Рухани құндылығы мол мұндай дүниелердің жандануына қолдау білдіріп, насихатталуын қолға алуымыз қажет. Сондықтан тіл мен ұлтқа бөлінбейтін киелі өнер ұландарының өнерін шетелге танытуды да басты назарға алып, еліміздің мерейін осы арқылы асқақтатуға қа­дам жасауға болады. Ұлттық өнерді дамытуға үлес қосып, халықтың алғысына бөлену жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін», – деді аймақ басшысы.

 

Мюзиклдің әуенін жазған – Мақта­арал ауданының тумасы, композитор, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың же­ңімпазы Светлана Ахметова. Музыкасын өңдеген – Бәйдібек ауданының тумасы, компо­зи­тор, облыстық, республикалық, ха­лық­аралық бай­қаулардың жеңімпазы Руслан Шынықұлов. Ал мюзиклдің сөзін жазған – жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы. Музыкалық жетекшісі, театр директоры – ҚР Мәдениет қай­рат­кері Әбдіхан Нұрмаханбетов. Қоюшы-режиссері – Елік Нұрсұлтан, қоюшы-балетмейстер – Гүлжан Дәулетқұлова, қоюшы-суретшісі – Дәулетияр Балтабаев болса, көркемдік жетекшісі – Ерлан Жандарбай.

 

Басты кейіпкерлерді сомдағандар – Әйгерім Жұмабек, Мәдіхан Дүйсеев, Айбек Қанатбек, Күнайым Исмаилова, Айдар Байымбетов, Маржан Шәріпхан, Бақытжан Тұрсыманов сынды театрдың жас әрі тәжіри­белі әртістері. Талантымен талайды тәнті еткен өнерпаздардың өнеріне өңір басшысы өз ризашылығын біл­дірді.

 

Жалпы, махаббат лирикасы бейнеленген туындыны сахналауға театрдың 60-тан астам әртісі күш салды. Адалдық пен батылдық, қызғаныш пен күрес көріністері суреттелген қойылым көрермендер көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.

 

Түркістан облысы

әкімінің баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ