70 жастағы тігінші әже

16.10.2018
Қаралды: 67

Түлкібас ауданының орталығы – Т. Рысқұлов ауылындағы «Береке» базарында қазіргі таңда 500-ге жуық адам сауда жасап, өз ризықтарын  тауып жүр. Ауданның Құрметті азаматы, сауда саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Жаңабай Қарақұловтың басшылығындағы бұл базар қазіргі заман талабына сай толық жабдықтал­ған. Төбесі жабық, жан-жағы мұқият қоршалған, сауда жасауға ыңғайлы.

 

Міне, осы базарда жасы 70-тегі тігінші Зейнеп Сейдалиева апай ұзақ жылдардан бері тұтынушыларға қызмет көрсетіп келеді. Ол кісі өзіне түскен тапсырыстарды дер кезінде орындап, көпшіліктің алғысын алып жүр. Ақсары жүзінен мейірімділіктің шуағы төгілген, қарапайым мінезді,  он саусағынан өнер тамған ісмер Зейнеп Бейсалықызы киімнің кез-келген түрін тігіп,  қысқартатынын қысқартып, ұзар­татынын ұзартып береді. Сондықтан ол кісінің алдынан адам қарасы күн ұзаққа үзіл­мейді.

 

Тігінші болуды бала кезден армандап өскен Зейнеп апай мектепті бітіргесін Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы кәсіптік-техникалық училищенің тігіншілік бөлімін бітіріп шығады. Одан әрі мамандығына сай Састөбе  поселкесінде, Жамбыл облысының Жуалы ауданында, Тәжікстанда қызмет етіп, өз кәсібін шыңдай түседі. Кәсіптің қай саласы болмасын оны тез игеріп алуға құштар ол кейінірек елге оралып, 1976-жыл­дан 1996-жылға дейін Майтөбе ауылындағы дүкенде сатушы болып еңбек етіп, өз ісіне  тындырымдылығының арқасында аға сатушыға дейін көтеріледі.

 

Апа зейнеткерлік демалыс­қа шыққаннан кейін өзінің алғашқы кәсібі – тігіншілікті қайта қолға алады. Осылайша екінші тынысы ашылған Зейнеп апа­йымыз одан бері 15 жылдай уақыттың қалай зымырап өте шыққанын аңғармай да  қа­лыпты. Өйткені жүрегі қалаған мамандық адам баласын қа­шанда да биік белестерге жетелеп, табыс көзін еселей түсуге ықпал жасамай ма?

 

Жасы 70-ке келсе де бүгінгідей  қиындау кезеңде өз тірлігін өзі жасап жүрген Зейнеп апайдың бұл еңбегі қалай мақтауға да тұрарлық, кейінгіге өнеге деп білеміз.

 

О. КӨМЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ