Жаушықұмның пиязы Ресейге дейін жетуде

16.10.2018
Қаралды: 66

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылының тұрғыны Юрий Ан инновациялық әдіспен пияз егіп жүр. Қарапайым пиязды да жаңа инновациямен егу керек пе? Ол қалай болар екен?  Бұл жаңалықты естігенде көкейге осы са­уалдардың келгені рас. Сөйтіп Жаушықұмдағы «Тұрар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Юрий Анмен сөйлесіп, көкейдегі сұрақтарға жауап алдық.

 

Иелігіндегі 33 гектардың әр гектарынан 100 тоннадан өнім алып жүрген кооперативтің жұмыс бастағанына көп бола қоймапты. 5 жылдан бері тамшылатып суару әдісі бойынша пияз егіп келеді екен.

 

Диқанның айтуынша, жаңа технология бір мезетте бірнеше жұмысты атқарып шығатын көрінеді.  Ал 1 гектарға 6 келідей тұқым кетеді екен. «Ранко», «Семенс» деп аталатын жоғары сортты тұқымдардың келісі едәуір қаржы тұратын болып шықты. Тұқым келісін 64 мың теңгеден алатын шаруашылықта жер жыртудан бастап, жиын-терім науқанына дейін әр гектарға 1 миллион 300 мың теңгеден жұмсайды.

 

– «Көп түкірсе – көл» демекші, бүгінгідей нарық заманында бірікпесек болмайтынын түсіндік. Ауылдың бірқатар азаматтары бұрын­ғыдай өгіз аяңмен жүре беру тиімді емес екенін біліп, осы кооперативке бірікті. Бүгінгі күні кооперативтің құрамында 7 адам бар.

 

Озық технологияны пайдалану дегеніміз – шаруа шығынын азайта отырып, мол өнім алуға қол жеткізу екені белгілі. Яғни түйір кесек қалдырмай үгітілген топыраққа тереңдігін 3 сантиметрден етіп тұқым тастаса, сосын тамшылатып суаратын су түтігін қоса көміп кетеді. Сапасы жоғары пияздың тұқымы біркелкі егілгендіктен шығымы да түгел болады.

 

Жаңа технологияны ендірудің арқасында шығын көлемі бұрынғыдан 5 есе азайып, есесіне өнімділік арта түсті. Өткен жылы әр гектарына 100 тоннадан өнім алдық. Қазақстанды пиязбен қамти алған соң Ресейдің нарығына да өнім шығардық», – дейді «Тұрар» ауыл шаруашылығы өндірістік ко­опе­ративінің төрағасы Юрий Ан. 

 

Қожалықты алғашқыда 4 шаруа бір­лесіп құрыпты. Кейін қатарға тағы 3 адам  қосылыпты. Шаруашылық алдағы жылы мақта мен бақша өнімдерін тамшылатып суару әдісі бо­йынша  егуді де жоспарлап отыр.

 

25 миллион теңге инвестиция тартылған алқапта 13 адам жұмыс істейді. Қол күшін түгелдей техникамен алмастырған егістікте арам шөп деген атымен шықпайды екен. Жыл сайын бітік өскен алқапта пияздың әрбірі қос жұдырықтай көлемде ірі болып шығатын көрінеді.

 

Қазір көпшілік тұрғындар кооперативтерге бірігуге бет бұрып жатыр. Соның арқасында халық кооперативке бірігудің тиімділігін түсінді. Бұл ең алдымен жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсартуға, мал санын көбейтуге мүмкіндік берері анық.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ