Ауылдағы әр үйдің 20 сиыры болғанын қалайды

16.10.2018
Қаралды: 78

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін молынан қосып отырған кәсіпорынның  бірі – Ордабасы ауданының Бөржар ауыл округіндегі «Агро-Ажар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі. Осы орайда біз аталған кооператив төрағасы Бертай Оразмұхаммедті сөзге тартқан болатынбыз.

 

Кооперативтің жұмысы туралы айтып бері­ңізші.

 

– Бізде 25 кооператив мүшесі бар. 30 шақты адам жұмыс істейді. Айлық жалақылары – 50 мың теңге. Кооперативтің негізгі жұмысы – мал бордақылау, сүт жинау. Былтыр «Ырыс» қар­жы орталығынан 14 мил­лион теңге несие берілді. Сүт және ет таситын рефрежиратор сатып алдық. Өз жинаған қаржымызға сүт қабылдау бекеті мен құрама жем дайындайтын цех аштық. Біз сүтті өңдемейміз, қолымызда 70  сиыр бар, солардан жинаймыз. Күніне 200 литр сүт қабылдаймыз. Жиналған сүтті қаладағы дүкендерге өткіземіз.

 

Ал цехта жүгері, бидай, кебек секілді қажетті нәрселерді жан-жақтан сатып алып, құрама жем дайындаймыз. Оны өзіміздің мал­ға береміз. Құрама жемге басқа да қоспалар қосылады. Бордақыда тұрғандарға бөлек, сауын сиырларына бөлек жем дайындалады. Қазіргі таңда күніне бес тонна жем өңдеп жатырмыз.

 

– Алдағы уақытқа не жоспарлап отырсыздар?

 

– Болашақта сиыр сауатын комплекс салмақшымыз. Қазір сиырды сауын аппараттарымен жеке-жеке және қол көмегімен сауатын болса, болашақта сиырларды автоматты түрде   айналып сауатын комплекс жасасақ деген ниеттеміз. Ол үшін де мемлекеттің көмегіне жүгінеміз деген ой бар.

 

Жұмыс өте көп. Қазір мал сою бекетін соғып жатырмыз. Онда барлық қажеттімен жабдықталатын болады. Құрылысты биыл бастағанбыз, келесі жылы аяқтаймыз.

 

Ауыл шаруашылығын дамыту үшін кәсіпкерлерге тағы қандай қолдау керек деп ойлайсыз?

 

– Былтыр министрлік біз секілді өндірістік кооперативтерді қолдаған болатын. Қазір ауыл шаруашылығы саласында ірі кәсіпорындарды қолдап жатыр. Біз әлі ондай дәрежеге жеткен жоқпыз. Дегенмен ауыл шаруашылығын дамыту үшін жеке кәсіпкерлерді, шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту керек деп ойлаймын.

 

Мәселен, ауылдағы үйлердің әрқайсысы 20 сиырдан ұстаса, ауылдың жағдайы түзелер еді. Өткенде Англияда тұратын қазақтармен жолығысып қалдым. Ауылымызға қонаққа келген екен. Әлгі кісінің айтқаны: «Көшеге шықсаң, жан-жақтың бәрі тойхана. Ал неге өндіретін бір нәрсе салынбайды?» – дейді. Сол айтқандай, ауылдағы әрбір үй жұмыс істемей болмайды. Сонда ғана ауыл тіршілігі жақсарар еді, халыққа да жұмыс болар еді деп ойлаймын.

 

...Осындай орасан зор тіршілігі бар әрбір кооператив – ауыл шаруашылығының тірегі. Соның арғы жағында тұрған азаматтарымыздың да еңбегі жана берсін деп тілейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ