Ағайынды азаматтар мал бордақылаумен айналысады

15.10.2018
Қаралды: 55

Ағайынды Тұғаловтарға Жетісай ауданында әзірге ешкім тең келіп көрмепті.  Осыдан 10 жыл бұрын Шаблан Ділдабеков ауыл округінде қара мал бордақылау ісін бастаған «Әділ» шаруа қожалығы жылына 60 шақты бұқа мен 150-ге жуық ұсақ мал бордақылайды екен. Кәсібі өрістеген шаруа қожалығының Асықата кентіндегі орталық базарда ет саудалайтын нүктесі де бар. 

 

«Халықтың  сұранысына сай қызмет жасаймыз. Сайыпжан інім жылқы және бұқа бордақыласа, мен ірі қара мал, қошқар байлап, семіртемін. Жем-шөпті де өзіміз әзірлейміз. Биыл мемлекеттен 3 гектар жерді жалға алып, жоңыш­қа ектік. Басқа қажетті жем түрлерін базардан сатып әкелеміз. Қожалықта 10-ға жуық жұмысшы бар.

 

10 жыл аз уақыт емес. Тұрақты алушыларымыз аудан, облыс көлемінде де баршылық. Жалпы айтқанда, елді сапалы етпен қамтамасыз етіп отырмыз», – дейді Пардабай Тұғалов. 

 

Бұл кісінің туған інісі Сайыпжан бүгін­де қолда бар қос тракторымен жер жыртады. Иелігіндегі 4 гектар жерге мақта егіп, 20 центнерден «ақ алтын» жинаған екен.

 

«Мал бордақылау оңай емес. Жемге қойылатын бұқаларды парлау үшін де қаржы қажет. Бір-екеуін бордақыласаңыз, аса көп пайда қалмайды. Сондықтан жемге қойылатын бұқалардың басын көп етіп, жемге қойған жөн. Сонда ғана пайдаға жұмыс істеуге болады. Келешекте қорамызды үлкейтіп, егістік жер көлемін де ұлғайтсақ деп отырмыз. Ол өз кезегінде бордақыланатын мал басын арттырып, жем-шөп­пен қамтамасыз етуге жағдай тудырады», – дейді Сайыпжан Тұғалов.

 

Бүгінде ауылда егістік жері мен мал қорасы бола тұра барын ұқсата алмай отырғандар да аз емес. Осы ретте ағайынды бауырлардың ісі көпке үлгі боларлықтай.

 

Д. НАЗАРБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ