Тастақ жерде жүзім бауын жайқалтқан

15.10.2018
Қаралды: 69

Төлеби ауданының Тасарық ауылында 2016-жылы жүзімбақ өсіруді қолға алған Сабыржан Танабаев бүгінде 20-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Тастақ жерде жүзім бауын жайқалтқан кәсіпкер тамшылатып суару жүйесімен биылғы жылы алғашқы өнімін алды. Ол кісі өз шаруашылығындағы 10 гектар жерге және осындай көлемде 49 жылға мемлекеттен жалға жер алып, 32 мың түп «Таифи-Розовый» деп аталатын жүзім түрін еккен екен.

 

«2016-жылдың сәуір айында бау егу ісін бастадық. Ең алдымен тастақ жердің алғашқы қыртысын сырып тастап, құнарлы топырақ төсеп шықтық. Алғашқы 16 түп көшеттің 98 пайызы тамыр алып, өніп шықты. Көшеттерді Сарыағаш ауданынан алдырамыз.

 

Жалпы, жобаның инвестициялық құны 50 миллион теңге болса, бұл қаржының тең жартысын «Даму» бағдарламасы аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестиция орталығы бөлді. Мемлекеттің қолдауымен шаруашылықтың жұмысы жанданып келеді. Яғни аталған бағдарлама аясында алынған қаржылай көмектен бөлек, жүзім алқабының әр гектарына 750 мың теңгеден субсидия берілді. Мұның өзі бізге едәуір көмек болды. Соның нәтижесінде биылғы жылдан бастап гектарынан 35-40 тоннадан өнім алудамыз. Бүгінде жүзім бағында 20 адам тұрақты еңбек етіп жатыр. Жалақылары орташа есеппен 50 мың теңгені құрайды. Ал маусымдық жиын-терім мезгілінде бізге 50-ге жуық жұмысшы шақырылады.

 

Ендігі міндет – алдағы жылдары жүзімді қайта өңдеу ісін қолға алып, жүзім бағына жақын маңнан көкөніс сақтау қоймасының құрылысын бастамақ ниеттеміз», – дейді Сабыржан Танабаев.

 

Жалпы, экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген Төлеби ауданы бү­гінде қарқынды қадаммен индустриялық аймаққа айналып келеді. Ауыл шаруашылығы саласында 4 кооператив құру межеленсе, бүгінде өңірде 9 өндірістік коопе­ратив құрылыпты. Жеміс-жидек пен жүзім егуді қарқынды қолға алғандар саны көп.

 

Міне, сөзден нақты іске көшкен осындай тындырымды тірлігі бар кәсіпкерлердің арқасында Төлебидің келбеті түрленіп, жаңара түсуде.

 

Дария НАЗАРБАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ