«Көгілдір отынға» қол жетер күн жақын

16.10.2018
Қаралды: 176

Елбасы Н.Назарбаев өзінің 5 әлеуметтік бастамаларының бірінде шалғай жатқан өңірлерді газбен қамтамасыз етуді атап көрсеткені белгілі. Осы орайда Түркістан облысындағы Арыс ауданы елді мекендерінің 95 пайызын 2025-жылға дейін газбен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүріп жатыр.

 

«Елді мекендерге «көгілдір отын» жеткізуді «Бейнеу – Бозой – Ақбұлақ» газ құбырының тармағы қамтамасыз етеді. Магистральды салу жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама 2017-жылы әзір­ленген. Оған облыстық бюджеттен 88 миллион теңге бөлінді. Ауданды газдандыру жоспары үш кезеңнен тұрады, бүгінде оның бірінші кезеңі басталып кетті.

 

Арыс ауданы халқының жалпы саны – 75 мың адам, соның 50 мыңы аудан орталығында тұрады. Ауданда 32 елді мекен бар. Солардың 25-інің тұрғындарын 2025-жылға дейін газбен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Мер­дігерлер кестеге сәйкес жұмыс істеп, қажетті нысандарды мерзімінде салып аяқтауда. 2020-жылға қарай аудан орталығын 95 пайыз газдандыру жоспарланып отыр», – дейді Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек.

 

Арыс қаласы мен Ақдала ауылдық округіне қарасты Онтам елді мекені және Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Сырдария елді мекені алғашқылардың бірі болып табиғи газбен қамтылмақ. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Арыс қаласының орталық көшелеріндегі «Самал», «Стадион», «Оңтүстік» тұрғын аудандарының көшелеріндегі 33 мың 545 адам газдың игілігін көреді деген сөз бұл.

 

Бірінші кезең бойынша бас мердігер – «Асель-А», қосалқы мердігер – «САҚ-Құрылыс» және техникалық қадағалаушы мекеме – «Банур-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазіргі таңда газ құбырларының құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

 

Екінші кезең үшін 2019-жылға республикалық қазынадан 219,7 миллион теңге қаржы бөлініп, «Отырар», «Почтовый», «ШПЗ», «Лед-Завод», «Хлопком», «Наурыз» тұрғын аудандарына және Сырдария елді мекеніне газ жеткізіледі. Бұл құрылысқа мердігер мекемесін анықтау бойынша облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан мемлекеттік сатып алуға қатысты жұмыстар жүргізілуде.    

 

Республикалық бюджет үшінші кезеңге 567 миллион теңге қаржы аударып, соның арқасында алдағы жылдары «Алатау», «Саяжай», «Көктем-1», «Көктем-2», «Тараз» шағын аудандары мен Онтам елді мекеніндегі 1147 тұрғын үйге «көгілдір отын» жеткізілмек.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ