Жарнама мекемесі де жақсы табыс әкеледі

14.10.2018
Қаралды: 116

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында елімізде кәсіпкерлік саласы кең өріс алды. 2015-жылы осы бағдарлама аясында кәсіп бастаған Ахан Рахымбердиев бүгінде Сарыағаш ауданынының инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосуда. Ахан осыдан бірнеше ай бұрын «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асатын «Жас кәсіпкер» жобасының Сарыағаш ауданындағы жеңімпазы атанып, 2 миллион теңге несие иеленді. Біз бүгінде 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Эффект» жарнама орталығының басшысы, жас та болса іскерлігімен танылып үлгерген табысты кәсіпкер Ахан Рахымбердиевпен сөйлесіп, жұмыс барысын білдік.

 

«Менің бизнеске қадам басуым достарымның ық­пал етуімен болды. Бала күннен ажырамас серікке айналған бес жігіт 2014-жылы кәсіп ашу жөнінде ортақ шешімге келдік. Ал­ғашқыда істі балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын залдарынан бастадық. Уақыт өте келе жарнама жасау агенттігін құ­руды жөн көрдік. Осылай бұл шаруаға білек сыбана кірісіп, тәуекелге бел байладық. Жұмыс бірте-бірте жандана берді.

 

Жанатын көлемді әріптер, баннер, билборд, стенд, афиша билет, визитка, буклет, тағы басқа жарнама түрлерін жасай бастадық. Кейін серіктестерім бұл кәсіпті маған қалдырып, өздері басқа салаға бет бұруды қалады.

 

Бір-бірімізге сенім артып, бірге шешім қабылдауға үйренісіп қал­ғандықтан ары қарай шаруаны игеріп кете аламын ба деген сұрақ тұрды. Бірақ «Шешінген судан та­йынбас» демекші, нартәуекел еттім.

 

Бизнес деген сөзді естігенде әрбіріміздің санамызда сансыз көп ақша тұрады. Бірақ оған жету үшін қыруар еңбек, жігер мен сабыр, даналық керек. Үнемі ізденіс, үнемі жаңалықтардан хабардар болып, заман ағымына ілесе білуді мақсат етіп жүргендіктен соншалық қиын болды дей алмаймын. Әйтсе де еңбек тиімділігін арттыруда жаңа құрылғылардың тапшылығы қатты сезіле бастады. Сөйтіп аудандағы кәсіпкерлік палатасына бардым. Мамандар «Ырыс» микроқаржы ұйымында «Жас кәсіпкер» жобасының ұйымдастырылып жатқанын айтты. Сөйтіп бағдарламаға қатысуға ниет білдірдім.

 

Байқағаным, бұл жобаға қатысып жүргендердің дені енді ғана кәсіп бастаушылар екен. Барлығымыз құжат жинау жағынан қи­налдық. Менің астымда көлік, шағын болса да табыс түсетін ша­руам бар. Соның арқасында 2 ай ішінде құжатым әзір болды. Ал мұның біреуі де жоқ жастар орта жолдан қалып, сергелдеңге түсті. Міне, осы мені қынжылтты. Қаншама идеясы бар қыз-жігіттер жоспарларын жүзеге асыра алмай, армандарын үзді. Айтпағым, үкімет осынша құжаттарды онлайн түрде рәсімдеп, уақытты тиімді пайдалануды ескерсе деймін.

 

Сонымен жобаның жеңімпазы атанып, 2 миллион теңге қолға тиісімен фрейзерлі агрегат және қа­жетті басқа да технологияларды сатып алдым. 5 бөлмелі меке­ме­мізде жұмыс қауырт жүрді. Жұмысшылардың барлығы – жастар. Олар­ға 50 – 100 мың теңге аралығында жалақы төленеді», – дейді кәсіпкер. 

 

Табысты істің көзін тапқан Ахан 6 пайызбен кепілдіксіз 4 жылға алған несиесін ендігі жылы төлеп тас­тамақшы. Одан әрі тағы мемле­кеттің қолдауына жүгініп, лазерлі құрылғы алуды жоспарлап отыр. Іске епті жастар жұмыс істейтін орталық бүгінде айына орташа есеп­пен 1 миллион теңге көле­мінде табыс табады екен. Тұтынушылардың көңілінен шығуды көздеген олар қай кезде де қызмет көр­сетуге әзір.

 

Мемлекеттің жастарға беріп отырған мүмкіндігін тиімді пайдаланған Аханның ісі көптеген жастарға үлгі. Ол алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейтіп, жұмысшылар санын да арттырмақшы.

 

Д. ҚАЛЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ