Қозапаядан жасалған тақтайға көршілер қызығуда

14.10.2018
Қаралды: 84

Түркістан облысы кәдімгі мақтаның қозапаясын да кәдеге жаратады. Анығын айтқанда, қозапаядан жиһаз жасайтын кәсіпорын жұмыс істеуде. Қалай дейсіз ғой?

 

 

Мақтарал ауданында «Сапа Инвест Плюс» серіктестігінің цехында қозапаядан жиһаздық тақтай дайындалады. Бүгінде кәсіпорында  50-ге жуық адам жұмыс істейді. Шығарылған өнімдер облыс орталығынан бө­лек, Алматы, Астана, Талдықор­ған, Тараз қалаларындағы кәсіп­орындарға сатылуда.  

Жалпы жобаның құны 400 миллион теңгені құрайды. Оның 285 миллион теңгесі «Оңтүстік» АИО тарапынан қаржыландырылыпты.

 

«Зауыт қозапаяның тоннасын 12 мың теңгеден сатып алады. 1 тонна қозапаядан 1 текше метр жиһаздық тақтай шығарылады. Ал 1 текше метр  – 24 дана тақтай.

 

Серіктестікте егістікте тау болып үйіліп жатқан қозапаяны жинайтын бірнеше техника, тракторлар бар. Олар егістік даласындағы қозапаяны шашау шығармай жинайды. Оны зауыт жұмысшылары өңдеп, тақтайға айналдырады. Жұмысшыларға орта есеппен айына 70 мың теңге жалақы беріледі.

 

Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында елімізде теңдесі жоқ «Мега Смарт» атты ерекше жоба іске қосылды. Біздер осы «Мега Смарт» зауытымен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бұл зауыт Оңтүстік Корея елінің соңғы озық технологиясымен жабдықталған. Олар біздің тақтайлардан көз жауын алатын түрлі жиһаздар жасап шығарады», – дейді «Сапа Инвест Плюс» серіктестігінің бас инженері Бақытбек Үсенұлы.

 

Қозапаядан жасалған тақтайға көршілес Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және солтүс­тіктегі Ресей мемлекеттері қызығушылық танытып отыр екен. Демек, сапалы тақтайға сұраныс әлі де бола бермек.

 

Осылайша, аудан шаруалары қозапаяны іске жаратып, табыс та­уып отырған жайы бар. 

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ