Тұлпарын 10 миллион теңгеге де бермейді

14.10.2018
Қаралды: 135

Жетісай ауданында тұратын Совет Мұсаевтың жылқы өсірумен айналысқанына 8 жылға жуықтапты. Кәсіпкер әуелде санаулы бас жылқымен жұмыс бастап, бүгінде жылқыларының саны 60-қа жетіп отыр.

 

Осы тұста кәсіпкер шаруашылық жұмысы және ондағы көкейкесті мәсе­лесімен бөлісе келе, мал басын одан әрі көбейтуге ауылдағы үйіргелік жер­лердің кадастрлық нөмірінің және шекара іргесінде орналасқан ауылда жайылымдық жердің жоқтығы қолбайлау екен­дігін атап өтті. Заң бойынша мал ұстайтын жеке кәсіпкерлерге жайылымдық жер берілмейді екен. Берілген күннің өзінде ол жерлер округ аймағынан тыс аумақта болатын көрінеді. Оның үстіне ауыл шекара іргесінде.

 

Кәсіпкер округтен алыс жердің тиім­сіздігін, шаруашылық бір жерде, мал басқа орында, бұл материалдық шығын, қауіпсіздік жағынан да қолайсыз екенін айтады.

 

Шаруашылықтың негізгі бағыты – мал басын көбейту мен ет сату. Ал байлан­ған мал әрі қаражат әрі сұраныста болады емес пе? Сонымен қатар кәсіпкер мал азығы үшін қаражатты үнем­де­мейтінін де жеткізді.

 

«Жылқы етіне қашанда сұраныс бар. Еттің бағасын мөлшерден тыс асырмаймыз, келісін 1350 теңгеден сатамыз. Жалпы, еттің сапасына, дәмді болуына қатты көңіл бөлеміз. Мал сою кезінде де санитарлық-гигиеналық талаптар толық сақталады. 30 соттық жердегі қоралар талапқа сай жасақталған.

 

Жылқы – малдың асылы саналады. Сол себепті де жақсы күтімді қажет етеді. Округ аумағында жайылым, шабындық жерлер мүлде жоқ. Осының кесірінен шаруашылыққа жұмсалатын шығын үлкен. Қазірдің өзінде кәсіпкерлігімнен мол пайда көріп жатырмын дей алмаймын. Жа­йылым жер жоқтығынан жаз мезгілінде ай сайын бір бас жылқыға едәуір қаржы жұмсалады.

 

Жоспарым көп болғанымен, бәрі жер мәселесіне келіп тірелуде. Мақталы ауыл округіне қа­расты Жайлау­көлде бар-жоғы 25 қана үй тұрамыз. Өзбекстанмен шекаралас отырғандықтан құжат рәсімдеу жағы тұрғындарға қиын тиюде.

 

Негізі жылқы санын жыл санап арттырып, тіпті 100-ден асырып жіберуге болады. Тек аталған мәселелер шешімін тапса...

 

Егер аудан, ауыл әкімдіктері үйіргелік жерімізді картаға енгізіп, заңдастырып берсе, ауданымызды жылқы етімен қамтамасыз етіп отыруға шамамыз жетеді», – дейді Совет Тастанұлы.

 

Шаруашылық басшысы Совет Мұсаев ауылдың 6 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысқа алынған азаматтар 60  – 100 мың теңге аралығында жалақы алады.

 

«С-Тастаната» шаруа қожалығында құны 45 миллион теңгеге пара-пар 5 көкпар аты бапталуда. Көкпар атын ұстау­ды хобби санайтын кәсіпкердің Ракета деген атпен танылған тұлпары түркі­меннің ақалтеке тұқымымен будандастырылған екен. 6 жасар айғыр бүгінде Оңтүстік жеріндегі үлкен көкпарларда олжа салып жүр.

 

Бұл тұлпары жуырда ғана үлкен көкпардан олжалы оралыпты. Қазіргі таңда бабы мен бағы қатар жанып жүр. Сат деп жатқандардың қатары күн санап артса да Ракетасын 10 миллион теңгеге де сатпайтынын айтады қожалық төрағасы.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ