Қаланы толық нанмен қамтитын зауыт

13.10.2018
Қаралды: 60

Түркістан облысының орталығындағы «Яссы нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тәулігіне 14 тоннаға жуық нан өнімдерін шығарады. Осыдан екі жыл бұрын құрылған өндіріс бүгінде 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

Зауыт бастапқыда «Ақ жол» жа­уапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі «Яссы құрылыс» жұмысшыларын нан өнімімен қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Наубайхананың жұмыс бастауына 200 миллион теңге жұмсалған екен. Ашылғанына көп болмаса да өткен жылы 287 миллион 654 мың теңге табыс тауыпты. Мұнда нан өнімдерінің қырық түрінен басқа, 15 түрлі ұн, 8 түрлі шұжық жасалады. Өндірісте мал бордақылайтын арнайы алаң да бар.

 

«Зауыт жұмыс бастағалы тоқтаусыз істеп тұр. Өнімдерімізге сұраныс мол. Қала тұрғындарынан біздің өнімге деген сұраныс күрт артты. Нәтижесінде өнім көлемін тәулігіне 30 мың данадан 50 мыңға шығарып отырмыз. Осыған орай жаңа жұмыс орындары ашылып, наубайханамыздың өндірістік қуаты мен аумағы мейлінше ұлғайды. Өнімдеріміз аудандағы азық-түлік дүкендерінде сатылып жатыр.

 

Зауыттағы «Восход» нан пісіретін пеш құрылғысын көрші Ресейден алдырдық. Өндірістік қуаты тәулігіне 28 тоннаны құрайтын жаңа инновациялық жабдықтар іске қосылғалы тұр. Енді қаланың нан өніміне деген сұранысын 100 пайыз қамти алатын боламыз.

 

Сонымен қатар наубайхананың ау­қымын кеңейту мақсатында 1,5 миллион теңге инвестиция жұмсалды. Келер жылдары жаңа жұмыс орындары ашылып, нан өнімдерін көбейту жоспарда бар», – дейді «Яссы нан» ЖШС-нің бас директоры Насиба Сабырқызы.  

 

Кәсіпкер өз есебінен жобаға қосымша 800 миллион теңге қаржы құйып, Чехиядан нан жабуға арналған заманауи қондырғылар сатып алған. Қазіргі таңда мекеме Түркісан қаласын нан өнім­дерімен толық қамтамасыз етіп, баға тұрақтылығын сақтап отыр.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ