Жылқы семіртіп сатумен айналысады

13.10.2018
Қаралды: 96

Мақтаарал ауданындағы Ынтымақ ауылының тұрғыны Махамбет Қиясов осыдан бірнеше жыл бұрын «Ердәулет» жеке кәсіпкерлігін ашқан болатын. Мақсат – жылқы басын көбейту, оны бордақылап, етке өткізу.  Бүгінде бұл өңірде жылқы байлауды кәсіп қылғандар жетерлік. Солардың ішінде Махамбет мырзаның еңбегі ерекше десе болғандай.

 

– Осы кәсіппен айналысып келе жатқанымызға он жылдан асты. Кәсібімізді дамыту мақсатында былтырғы жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 2 миллион 200 мың теңге көлемінде несие алған болатынбыз. Сөйтіп мал басын көбейтіп жатырмыз. Жалпы, пайыздық мөлшері төмен және төлем кестесі ыңғайлы болғандықтан мұндай несиелер біз үшін өте тиімді болып жатыр.

 

Қазіргі таңда жұмыс тоқтап жатқан жоқ. Біздікі отбасылық кәсіп десек те болады, үйдегі қолы бас адамның барлығы осы іске жұмылдырылған. Сонымен қатар, 2 жұмысшымыз бар, оларға 50 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленеді.

 

Жылқыны Жетісайдың базарынан көтерме бағамен сатып аламыз. Сосын оны бірнеше ай бойы бордақылаймыз. Әдетте үш-төрт ай жетеді. Содан соң сатылымға немесе союға кете береді.

 

Бізде сонымен қатар 10-15 бас өгіз, 30-40 бас қой бар. Өйткені жылқыдан бөлек, өгіз, қой сұрайтындар да бар. Кім не сұраса да сол нәрсенің қолда тұрғаны біз үшін де, халық үшін де жақсы.

 

Қазір күз мезгілі, әрі қыс айлары жақындап келе жатқандықтан жылқы етіне деген сұраныс өте жоғары. Бізде еттің бағасы базар бағасынан төмен, келісіне 1500 – 1550 теңгеге шығады. Ал базардағы жылқы етінің бағасы 1700 теңге шамасында. Өзіміз осы төңіректегі ауыл халқының сұранысын қанағаттандырып отырмыз деп айта аламыз. Соғымға, тойға, асқа деп алып жататындар көп. Етті базарларға да апарып өткіземіз.

 

Өкінішке орай, биыл жем-шөп қымбаттап кетті. Бір пресс шөптің бағасы бұрын 400 теңге болса, қазір 800-ге бір-ақ шықты. Бидайдың өзінің келісі 70 теңгеден асып кетті. Бұл шаруалар үшін қиындық туғызып жатыр. Төңіректе малмен айналысатын біршама отбасы бар, барлығы үшін де осы қымбатшылық кедергі. Сонда да тұрақты сатып алушыларымыздан айырылып қалма­йық деген мақсатпен жұмысымызды тоқтатқан жоқпыз, – дейді ол кісі. 

 

...Жалпы, мал шаруашылығының қыр-сырын жетік білетін Махамбет мырзаға қымбатшылық кедергі емес. Олай деуіміздің де себебі бар. Таяу­да жылқы байлаумен айналысып жүрген тағы бір кәсіпкермен тілдескен едік. «Жылқы ұстау қиындап кетті. Малдың жем-шөбінің бағасы шарықтап жатыр. Ол біздер үшін тиімсіз. Міне, бір-екі айдың көлемі болды, банкрот болдық. Былтыр ісіміз жап-жақсы жүрген. Қазір қолдағы жыл­қыларымыздың барлығын сойып, етке өткізіп жатырмыз. Басқа амал жоқ. Бір-екі биені сауып отыр едік, қазір саумалға, қымызға да сұраныс төмендеп кетті, өтпейді. Бағасын да көтере алмай отырмыз. Қымбаттатсақ, халық алмайды. Көктемге қарай көре жатармыз, бәлкім, кәсібімізді сол кезде қайта қолға алармыз», – деп шағынған еді ол кісі.

 

Негізінен шаруашылықпен айналысу оның тілін білген адамға ғана тиімді ғой. Істің көзін тапқан адамға ештеңе де кедергі емес-ау деп ойлаймыз.    

 

М. ШЫНҰЗАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ